Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ

 

Құрметті отандастар!

Құрметті депутаттар, үкімет мүшелері!

 

Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтаймын!

Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз.

Толығырақ...

Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы 10 қаңтар 2018 жыл

 

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»

         Құрметті қазақстандықтар! Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде. Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдадық. Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық. 100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып қойды. Қалғандары, негізінен, ұзақ мерзімге арналған және жоспарлы түрде іске асырылуда.   Өткен жылы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алды. Индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда. «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды. Біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді. Қажетті бағдарламалардың барлығы бар. Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды.

Құрметті отандастар! Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық. 2017 жылы біздің ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. 2018 жылдың қаңтар айында оған төрағалық етудеміз. Біз дүниежүзілік ЭКСПО мамандандырылған көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасындағы бірінші мемлекет болдық. Қазақстанда табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасты. 2017 жылы еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті. Жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 процент болып, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 проценттен асты. Бұл орайда, өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектордың үлесі 40 проценттен асып түсті. Қазақстанның қолайлы дамуы орта таптың қалыптасуына мүмкіндік берді. Кедейшілік 13 есе қысқарып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентке дейін төмендеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім. Дегенмен, Қазақстанның жетістіктері сенімді тірек саналады, бірақ ол ертеңгі табыстарымыздың кепілі емес екенін жақсы сезінуіміз керек. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет. Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ол, бірінші кезекте, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс. Мұның өзіндік сын-қатерлері де, мүмкіндіктері де бар. Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімдімін. Бұл үшін мынадай міндеттерді шешуге жұмылуымыз керек.

БІРІНШІ. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт төмендеген 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болды. Сол себепті жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдарымыз өзгерген жоқ. Сонымен қатар индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс. Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет. Бұлар, бірінші кезекте, технологиялардың трансфертін ынталандыруға тиіс. Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек. Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді. Ол біздің Назарбаев Университеті, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновациялық орталықтардың төңірегінде қалыптасуға тиіс. «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің қызметін ұйымдастыруды түбегейлі қайта қарау қажет. Нақты сектордың жаңа технологияларға деген сұранысты ынталандыруы және венчурлық қаржыландырудың жеке нарығының қызметі инновациялық экожүйе жетістіктерінің негізгі факторлары болып саналады. Бұл үшін тиісті заңнама қажет. Бұдан бөлек, IT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады. Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек. Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады. 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек.

ЕКІНШІ. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту. ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады. Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек. Кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажет. Кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керек. Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі баламалы, «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екенін көрсетті. Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 процентке жетеді. Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндетін қойдық.   Қазір бізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді. Соларда 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірілді. «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды. Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек. Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді.

ҮШІНШІ. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі. Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды. Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс. Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет.   Осыған орай аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек. Олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс. Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі. Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады. Жүргізушісі жоқ техника адами факторды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді. Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек. Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек. Тиімсіз субсидияларды ауыл шаруашылығы кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет. 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын.

ТӨРТІНШІ. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру. Бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды коридор өтеді. Бұл туралы көп айтылды. Жалпы, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 процентке өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтады. Транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражатын тез арада қайтаруға мүмкіндік береді. Жүк қозғалысын онлайн режімінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет. Заманауи шешімдер логистиканың барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. «Үлкен деректерді» (Big data) пайдалану сапалы талдауды қамтамасыз етуге, өсімнің резервін анықтауға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызады. Осы мақсаттар үшін Интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажет. Бұл жүйе көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін анықтауға жол ашады. Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек. Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек.

БЕСІНШІ. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу. Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асты. Тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек. Осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек. Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет. Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, электр энергиясын, жылу мен суды тұтынуды қысқартып, табиғи монополистерді тиімді жұмысқа ынталандырады. Заңнамаға, соның ішінде табиғи монополиялар саласын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қажет. Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек. Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет.

АЛТЫНШЫ. Қаржы секторын «қайта жаңғырту». Банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау қажет. Ол үшін банк иелері шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілік алуға тиіс. Акционерлердің аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиіс. Ұлттық Банк мұндай істерге немқұрайлы қарамау керек. Әйтпесе, мұндай мемлекеттік органның не керегі бар? Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс. Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажет. Сонымен қатар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар жөніндегі мәселені Ұлттық Банкке толығымен шешуді тапсырамын. Сол күннен бастап аталған валюталық займдарды жеке тұлғаларға беруге заң жүзінде тыйым салынған болатын. Ұлттық Банк пен Үкімет экономика салаларындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзімді несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешуге тиіс. Инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруы және қор нарығының дамуы маңызды болып саналады. Бұл – жұмысын бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі міндеттерінің бірі. Ол халықаралық озық тәжірибені пайдаланып, ағылшын құқығы мен заманауи қаржы технологияларын қолданатын өңірлік хабқа айналуға тиіс. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» ұлттық компанияларының акцияларын IPO-ға табысты түрде шығару қор нарығын дамытуға септігін тигізеді.

ЖЕТІНШІ. Адами капитал – жаңғыру негізі. Білім берудің жаңа сапасы. Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты. Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетін болады. Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек. Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек. Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі.

Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Мысалы, «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет. Орыс тілін білу маңызды болып қала береді. 2016 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бойынша орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сыныптан бастап оқытылып келеді. 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады. Кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты таңдай алады, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндігі болады. Қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады. Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет. Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек.

 «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді. Үкімет бұл міндетті орындауға тиіс. Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек. Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады. Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологияларсалаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек. Қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі. Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет. Жеке сектордың бірлескен қаржыландыруға атсалысуы барлық қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін міндетті талап болуға тиіс. Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуіміз керек. Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді. Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек. Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет.

Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс.   Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт. Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек. Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет. Бұл тәжірибе әлемде бұрыннан бар. Оны батыл әрі белсенді түрде енгізу керек. Онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет. Халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс. Біз кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресу кезінде атқарған істеріміз сияқты жұмыстарды да жүргізуіміз керек. Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін болады. Оны енгізудің қажеттілігі ешқандай күмән туғызбайды. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырмаған дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізу талап етіледі. Мемлекеттің міндеттерін нақты белгілей отырып, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеу қажет. Халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде немесе ерікті медициналық сақтандыру, сондай-ақ бірлесе төлеу арқылы ала алады. Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет. Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге кірісуіміз керек. Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызды мәселе болып саналады. Бүгінде бізде Назарбаев Университетінің бірегей Медицина мектебі бар. Онда біріктірілген университет клиникасы жұмыс істейді. Бұл тәжірибе барлық медициналық жоғары оқу орындарына таратылуға тиіс. Осы және басқа да шараларды іске асыру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу қажет. Сапалы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесі. Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор. Барлық негізгі мамандық бойынша  заманауи стандарттар әзірлеу қажет. Бұл стандарттарда жұмыс берушілер мен бизнесмендер еңбеккерлердің білімі, қабілеті мен құзыретінің қандай болуы қажеттігін нақты белгілейді. Кәсіби стандарттардың талаптарын ескеріп, білім берудің жаңа бағдарламаларын әзірлеу қажет немесе қазіргі бағдарламаларды жаңарту керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады. Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық танытып, атүсті қарап отырды. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет. Қазақстандықтардың жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге, соның ішінде еліміздің басқа да елді мекендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс.

Бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс. Азаматтар үйлерінен шықпай-ақ кәсіби бағдарлы тест тапсырып, оқу курстары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы біліп, өзін қызықтыратын жұмыс таба алатын болады. Еңбек кітапшаларын да электрондық форматқа көшірген жөн. Электрондық еңбек биржасы туралы заңды 2018 жылғы 1 сәуірге дейін қабылдау қажет. Әлеуметтік саясат азаматтарды толыққанды экономикалық өмірге тарту арқылы жүзеге асырылатын болады. Қазір зейнетақы жүйесі толықтай еңбек өтіліне байланыстырылған. Кім көп жұмыс істесе, сол көп зейнетақы алатын болады. Осыған орай, барша қазақстандықтар өздерінің атқаратын жұмыстарын заңдастыруға зор мән беруі керек. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де еңбек өтілі мен өтемақы мөлшері арасындағы өзара байланыс күшейтілетін болады. Біз 2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көштік. Оның шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 процентінен 50 процентіне дейін көтерілді. Еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болады. Еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейтіледі.

Қымбатты қазақстандықтар! Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындайды. 2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейгенін еске салғым келеді. Базалық зейнетақы, жалпы алғанда, 29 процентке, ынтымақты зейнетақы 32 процентке, бала тууға байланысты жәрдемақы 37 процентке, ал мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысы 43 процентке өсті. Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің жалақысы 28 процентке дейін, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 процентке дейін, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы 40 процентке дейін, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 30 процентке, стипендиялар 25 процентке өсті. Дағдарыс заманы. Әйтсе де, әлемнің санаулы ғана елдері әлеуметтік салаға жұмсайтын шығындарын осылай арттыра алды. Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 процентке өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты. Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табыстарын көбейтеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 процентке артты. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 процентке дейін өсті. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады. Бұдан бөлек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырамын. Бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алады. 2018 жылы осы мақсатқа 3 миллиард теңгеге дейін қаржы қажет болады. Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырамын. Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады. Сонымен қатар 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырамын. Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керек. Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет.

СЕГІЗІНШІ. Тиімді мемлекеттік басқару. Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет. Осыған орай бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек. «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. Олар үшін және энергия өндірушілер үшін инвестициялық бағдарламаларын ескеріп, негізделген тарифтерді белгілеу маңызды. Бизнес-климатты жақсарту үшін батыл іс-қимыл талап етіледі, әсіресе өңірлік деңгейде. Үкімет бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шаралардың жаңа пакетін дайындауға тиіс. Мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыруды жеделдету қажет. Әкімшілік шығындарды азайту үшін  ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру керек. Босаған қаражатты мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін енгізуге бағыттау қажет. Бұл орталықтағы және өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер жалақысының диспропорциясын қысқартады, сондай-ақ жұмыстың сипаты мен тиімділігі ескерілетін болады. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, 2018 жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда осы жүйені енгізудің пилоттық жобаларын іске асыруды тапсырамын.  Өңірлердегі мемлекеттік қызметтің тиімділік әлеуетін олардың экономикалық дербестігі мен жауапкершілігін арттыру арқылы мейлінше толық ашу керек. Жалпы алғанда, өңірлік саясат өңірлердің шығындарын теңестіруден жеке табыстарының өсімін ынталандыруға бағытталуға тиіс. Атап айтқанда, бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады. Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керек. Фискальды орталықсыздандыру аясында шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығын өңірлік бюджеттерге беру мәселесін шешу керек. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген. 2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енеді. Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді. Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс. Мемлекет пен компаниялар жаңа технологияларды енгізе отырып, өз ақпараттық жүйелері мен құрылғыларының берік қорғалуын қамтамасыз етуі керек.   Бүгінде киберқауіпсіздік ұғымы тек ақпаратты ғана емес, сонымен қатар өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды басқару тетігін қорғау дегенді де білдіреді. Осы және өзге де шаралар Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында көрініс табуға тиіс.

ТОҒЫЗЫНШЫ. Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі. Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Көп жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді. Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс. Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді.   Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды.    Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет.   Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек. 

ОНЫНШЫ. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін. 2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет. Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды. Сондықтан, Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек.  «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады. Міне, алдымызда тұрған 10 міндет осы. Бұлар – түсінікті әрі айқын. Қымбатты қазақстандықтар! Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік. Технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы балансты  нақтылай түсті. Біз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық. Бұл базалық үш бағыт Қазақстан жаңғыруының жүйелі үш тұғыры болып саналады. Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2017 жылғы 31 қаңтар

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»

 

Құрметті қазақстандықтар!

Мен Қазақстан халқына жаңа дәуір қарсаңында сөз арнап отырмын.

Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды.

2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды.

Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткіземіз.

Алматыда Универсиада-2017 спорт ойындары өтіп жатыр.  Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам  спортшы мен делегация мүшелері қатысуда.

Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетеді.

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Біз осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілей береміз.

Жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдегі тұрақсыздық жағдайында, 2012 жылы халқыма ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясының өзектілігі арта түседі. Біз қиындықтарды уақтылы болжай алдық.

«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде осынау қиын, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен лайықты өтіп келеміз. Тек 2014-2016 жылдар аралығында біз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, 2016 жылы біз ішкі жалпы өнімнің 1% өсімін қамтамасыз еттік. Бұл қазіргі күрделі жағдайда айтарлықтай маңызды.

Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді.

Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз.

Қымбатты отандастар!

Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді.

Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды.

Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік.

Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет.

Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында бірге қалыптастырған әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз керек қой.

Қазақстанның Бірінші жаңғыруы бәріміздің есімізде. 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды қалай бастағанымыз жадымызда тұр. Сол кезде біздің буын іргетасынан бастап қолға алып, әлем картасында болмаған жаңа мемлекет құрды.

Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды. Біздің бәріміз бірлесіп, сол кезде елімізді күйреуге, азамат соғысына, экономикалық күйзеліске ұшыратпағанымыз мен үшін өте маңызды. Қазақстан бұл кезеңде аз шығын шығарып, зор жетістіктерге қол жеткізді.

Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынумен басталды. Оның нәтижелі болғаны дау тудырмайды. Еліміз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді.

Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз. 

Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі.

Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған. 

Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы.

Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет.

Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты.

Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын.

Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек.

Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс.

Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу болып саналады.

Үкіметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырамын. Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режімін қоса алғанда, қолайлы жағдай керек.

Біз жоғары оқу орындары, Назарбаев Университеті және «Алатау» иннновациялық технологиялар паркі базасында өзіміздің ғылыми және инновациялық әлеуетімізді дамытуымыз керек.

Екінші кешенді міндет. Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керек.

Бұл – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар.

Бірінші. Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру керек.

Бұл жердегі негізгі фактор Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу болуға тиіс.

Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер.

Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын.

Екінші. Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек.

Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр.

Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомстоваға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керек.

Үкімет жанынан Экспорт саясаты жөніндегі кеңес құруды тапсырамын. Оған бизнес қоғамдастығының өкілдері кіруге тиіс.

Биылғы 1 қыркүйекке дейін Үкімет әкімдермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Бірыңғай экспорт стретегиясын әзірлеуі керек.

Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиіс.

Біз тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеуіміз керек. Мұны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн.

Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет.

Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт.

Қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз Инвестициялық стратегиясы болуға тиіс. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлеуі керек.

Халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілету қажет. Бұл, ең алдымен,  ЕАЭО, ШЫҰ ішінде Жібек жолы Экономикалық белдеуімен ұштасатын жұмыстарға қатысты. Ол үшін экономикалық дипломатия жұмысын қайта құрып, жандандыра түсу қажет.

Үшінші. Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс.

Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек.

Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс.

Жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамаларына қажетті өзгерістер енгізуді тапсырамын.

*****

Төртінші. Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек.

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор.

Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс.

Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін  Үкімет пен әкімдерге мынадай тапсырмалар беремін:

біріншіден, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет;

екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек;

үшіншіден, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет;

төртіншіден, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету керек;

бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет;

алтыншыдан, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек.

Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырамын.

Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет.

*****

Бесінші. Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – маңызды басымдықтардың бірі.

Оған қазірдің өзінде қомақты инвестиция жұмсалды. Енді одан экономикалық қайтарым ала бастау қажет.

Үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдың жылдық көлемін:

- контейнерлермен тасымалданатын жүктер үшін 7 есе – 2 миллион контейнерге дейін;

- жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 4 есе – 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін арттыруды тапсырамын.

Транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есе – жылына 4 миллиард долларға дейін көбейту қажет.

2015 жылы мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын ұсындым. Өткен 2 жыл ішінде бағдарлама өзін толық ақтады.

Биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйе енгізіледі.     

Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет.

Транскаспий дәлізі бойынша тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты Құрық портын салудың екінші кезеңі – автомобиль өткелі құрылысын іске асыруға кірісу қажет.

Алтыншы. Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс.  

Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар.

Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. 

Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс тапқан. Соның бірі – «Даму» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиесін арзандату. Тұрғындар үшін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуы жалғасады. Оған ілгеріде бөлінген қаржы «револьвер» қағидаты  бойынша қайта пайдаланылады.

Әкімдіктер халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй бөлу ісін дамыта беретін болады. Жаппай тұрғын үй құрылысы үшін әкімдер тиісті жер телімдерін бөлуге тиіс.

Біз қалаларда жеке тұрғын үйлердің бірыңғай сәулет стилінде салынуына мән беретін боламыз. Бұл үшін мемлекет қажетті инфрақұрылым тұрғысынан көмек көрсетеді.

Үкімет әкімдермен бірлесіп, үлкен қалалардың іргелес орналасқан елді мекендермен көлік байланысын дамыту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. 

Үшінші кешенді міндет – еңбек нарығын жаңғырту.

Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Сонымен бірге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігі болуға тиіс.

Үкімет пен әкімдерге еңбеккерлердің басқа салаларға басқару аясында ауысуы үшін жағдай жасауды тапсырамын.  

Біздің ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек.   

Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруы қажет.

Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту.

Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.

Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады. Оны орындау үшін қазіргі кезеңде мынадай қадамдар жасалуы қажет.

Бірінші. Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті.

Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.

Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек.

Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс.

Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болмақ.   

Екінші. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл әсіресе энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көрсету құнына қатысты.

Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек.

Сондай-ақ, бизнестің қазіргі  қолданыстағы реттеушілік жүктемесі өсімнің жаңа моделін жасау міндетімен үйлеспейді. 

Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеймін.

Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек.

Бұл жұмысты әсіресе өңірлік деңгейде атқару маңызды.

Әкімдер Үкіметпен бірлесіп, Дүниежүзілік банк рейтингі негізінде өңірлерде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жөнінде нақты жоспарлар әзірлеу керек.

Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажет. Біз үздіктер үшін арнаулы сыйлық тағайындаймыз. Оны жылына бір рет, Индустрияландыру күнінде табыс етеміз.

Үшінші. Мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері деңгейіне дейін төмендету экономикалық өсімге тың серпін беруге тиіс.

Бұдан бұрын 2020 жылға дейін жекешелендірілетін 800-ге жуық кәсіпорынды қамтитын тізбе жасалған болатын. Тиісті жұмыстар атқарылуда.

Үкіметке сол тізбедегі кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын.

Ірі компанияларымызды ІРО-ға дайындау және оған бейімдеу ісін де жеделдету керек. Yellow Pages қағидаттарын енгізу мемлекет үшін экономикадағы қызмет түрлерін 47%-ға (652-ден 346-ға) қысқартуға мүмкіндік берді.

Келесі кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейін жеке секторға беру немесе жою қажет. Ал ондай кәсіпорындар саны бірнеше мың болады.

Әрбір бағдарлама немесе тапсырмаға орай заңды тұлғалар құру тәжірибесі бұдан былай  тоқтатылуға тиіс.

Жекешелендірудің жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ мемлекеттік холдингтер рөлін қайта қарастыру керек.

Үкіметке «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялау ісін жүзеге асыруды тапсырамын.

Басқарушылық және өндірістік бизнес үдерістерін толық ревизия мен  оңтайландырудан өткізу қажет. Нәтижесінде ол тиімділігі жоғары, жинақы және кәсіби холдингке айналуға тиіс. Менеджмент пен корпоративті басқару сапасын халықаралық деңгейге жеткізу керек.

Мемлекетке қандай маңызды секторларда, қатысу үлесінің қандай мөлшерімен және не қалдыратынымызды нақты анықтап алуымыз керек.

Табиғи монополияларды және стратегиялық маңызы бар,  соның ішінде Трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды іске асыру міндетін мемлекетке қалдыру керек. Бұл жобалар мультипликативті нәтиже  беруге тиіс.

«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін де қайта құру қажет. Олар мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру жөніндегі операторлар болуға тиіс. Соған орай олардың функцияларын оңтайландыру керек. Жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенің барлығы бизнеске берілуі қажет.

Сондай-ақ, оларға бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік емес қаржы көздері арқылы қор қалыптастырумен айналысу керек.

Төртінші. Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қатысты болып отыр.

Бізде қазірдің өзінде оларды мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту саласында жақсы нәтижелер бар. Өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашты. Жекеменшік балабақшалардың ең көбі Оңтүстік Қазақстан (397), Алматы (221), Қызылорда (181) облыстарында ашылды.

Мен үшін осы сектордағы мемлекет-жекеменшік серіктестігінің үлгісі өте маңызды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық міндеттердің бірі – 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді.

Мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту әкімдердің нақты және кәсіби жұмысына байланысты.

Жекеменшік капитал тарту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану қажет. Олар – мемлекеттік мүлікті сенімді басқару, қызмет көрсету келісімшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келісімнің барлық рәсімдерін, әсіресе шағын жобаларға қатысты рәсімдерді мейлінше жеңілдету және жеделдету қажет.

Мемлекет-жекеменшік серіктестігі инфрақұрылымды, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне айналуға тиіс.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту үшін бұдан әрі жекешелендіру мүмкіндігін қарастыра отырып, басқаруға және концессияға беру қажет. Үкімет бір орынды шиырлай беруді  доғарсын. Бұл бағытта жұмысты жандандыра түсу керек.

Бесінші. Баға мен тариф бойынша ымыраласуға жол бермеу қажет.

Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға «ревизия» жасауды тапсырамын.

Үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық.

Мұндағы басты міндет – ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тарту.

Бірінші. Бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек.

Екінші. Еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет.

Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердің ахуалына жедел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке көбірек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердің қателік жіберуін күтпей, оларға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін формальді көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиіс.

Сондай-ақ, аудиторлық компаниялардың жауапкершілігін арттырып, акционерлердің ашықтығын қамтамасыз ету, ұжымдық басқаруды жақсарту қажет. Осының бәрін заңнамалық деңгейде бекіту керек.

Экономикадағы қаражат жетіспеушілігі және несиелер бойынша жоғары мөлшерлеме түйткілдерін шешу мақсатымен Ұлттық банк пен Үкіметке теңге түрінде қолжетімді орта және ұзақ мерзімге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын.

Ұлттық банк инфляция ғана емес, сонымен қатар Үкіметпен бірге экономиканың өсуі үшін де жауапты болуға тиіс.

Үшінші. Қор нарығын одан әрі дамыту.

Жекешелендіру оның дамуына серпін беруге тиіс. Мен жоғарыда айтып өткендей, қор нарығына «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының акцияларын орналастыру керек. Халықтың жинаған өз қаражатын ең алдымен түрлі бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкіндігін одан әрі арттыру қажет.

Біз 2016 жылдың соңында заңдастыру науқанын аяқтадық. Оған еліміздің 140 мыңнан астам азаматы қатысты. Нәтижесінде 5,7 триллион теңге, оның ішінде қаражат түрінде 4,1 триллион теңге заңдастырылды.

Үкіметтің міндеті – бұл қаражаттың экономикаға, соның ішінде жекешелендіруге қатысу арқылы пайда беруін қамтамасыз ету. Сонымен бірге, Қазақстанның жекеменшік кәсіпорындарының облигация шығарылымдарын субсидиялау мәселесін пысықтау қажет.

Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, отандық қор нарығын жандандыруға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырамын.

Келесі шешуші міндет – салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу.

Бірінші. Бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру қажет.

Біз 2017 жылы мемлекеттік даму бағдарламаларын қажетті ресурстармен толықтай қамтамасыз еттік. Министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиімділігін тексеру қажет.

Республикалық бюджеттің 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастау керек. Оның қорытындысы бойынша маған баяндалсын.

Тиімсіз бағдарламалардың қаражатын Үшінші жаңғырту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлу қажет. Сондай-ақ, қаражатты нақты экономикаға неғұрлым тезірек әрі тиімдірек жеткізу үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдеткен жөн.

Біз фискалдық орталықсыздандыру саясатын жалғастыруымыз керек. Өткен жылдарда орталықтан жергілікті жерлерге көптеген функциялар мен өкілеттіктер берілді. Енді олардың жеткілікті қаржылық дербестігін бекемдей түсу қажет. Сонымен бірге, қаржы шығысы жөніндегі өкілеттіктердің облыстық деңгейде шоғырлануына жол бермеу маңызды. Оларды әрі қарай аудандық және ауылдық жерлерге беру керек. Әкімдер өңірлік және жергілікті маңызы бар мәселерді шешуге тиіс, ал Үкімет жалпымемлекеттік мәселелерге ден қоюы қажет.

Екінші. Ұлттық қор қаражатын пайдалануға ұтымдылық тұрғысынан қараған жөн.

Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылуға тиіс.

Салық саясатын бизнестің «көлеңкеден» шығуына бейімдеп, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек. Қазіргі салық жеңілдіктерін оңтайландыру қажет. Жалпыға ортақ декларациялау қарсаңында арнаулы салық режімін жаңаша қарастыру керек.

Салықтық әкімшілендіру тетіктері жетілдіруді талап етеді. Ең алдымен, мұның қосымша құн салығын жинауға қатысы бар.

Үшінші. Үкімет квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу мен бақылау жасау жүйесін қалыптастырып, онда тәртіп орнату керек.

*****

Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту.

Бірінші. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.

Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға,  ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет.

Үкіметке тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.

Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін.

Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды.

2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет.

Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек.

Тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.

Менің бастамам бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады.

Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек.

Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.

Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылады. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет.

*****

Екінші. Білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс.

Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек.

Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын.

Сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет.

Үшінші. Әлеуметтік қамтамасыз ету саласына қатысты.

Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады.

Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.

Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді.

Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл – 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары. Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек.

Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі.

Ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс.

Бесінші басымдық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты.

Бірінші. Үкімет үшінші жаңғырту аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.

Екінші. Біз жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізудеміз. Бұл жұмысты жалғастыру керек.

Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесіп,  жеке меншік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді тапсырамын.

Сонымен қатар, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендірген жөн. Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс.

Кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін салынатын санкцияны төмендету жұмысын одан әрі жүргізе беру керек. Қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек.

Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды.

Үшінші. Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді.

Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады.

Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек.

Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек.

Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет.

Осы шараның бәрі менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада ескерілуге тиіс.

Киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсуде.

Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырамын.

Төртінші. Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр.

Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет.

Маңызды мәселенің бірі – сатып алу саласын жетілдіру.

Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын.

Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.

Құрметті қазақстандықтар!

Осы Жолдау арқылы еліміздің әр азаматына жаңа жағдайдағы даму бағытымыз жөніндегі өз көзқарасымды жеткізгім келді.

Үкіметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын Елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырамын.

Бізде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ.

Біздің ұлы халқымыз бірегей тарихи мүмкіндікті толықтай пайдалана алатынына сенемін.

Қымбатты достар!

Қазақстан – жас, көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Біз тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы 25 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр.

Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте.

Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз!

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2015 жылғы 30 қараша

ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА:

ӨСУ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ

 

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

 

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметті Парламент депутаттары мен 

 Үкімет мүшелері!

Ханымдар мен мырзалар!

 

 Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз.  Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді.

Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырады. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. 

Толығырақ...

НҰРЛЫ ЖОЛ – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда. Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатуда. 

Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақстан, әлемдік экономиканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үдерістердің теріс ықпалын тап келеді. Нәтижесінде не болып жатқанын біз көріп отырмыз: әлемдік нарықтарда баға құлдырауда және, тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда.

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан 2014 және одан кейінгі екі жылда әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгілі. Сондықтан кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарап, сондай-ақ, алдағы кезеңдердің жоспарларына түзетулер енгізу қажет. Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Бүгін айтылатын шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз.

Бүгін менің тапсырмам бойынша Үкімет белсенді жұмысқа кірісіп кетті. Біз 2015 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін қайта қарадық. Бұл дұрыс, өйткені, біздің экспорттық шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келуде. Бірақ, соған қарамастан, Үкімет алдына оңай емес, алайда, нақты міндет – барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.

Дағдарыс жағдайларында, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, экономикалық саясатты қайта бағдарлаулар жүріп жатыр. Қолдауды экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуда аса үлкен мультипликативті тиімділік беретін салалар алуы тиіс. Мұндай тәжірибе бізде бұған дейін болған. Біздің 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы табысты шараларымызды еске алсақ та жеткілікті. Көріп отырғандарыңыздай, өмір біздің жоспарларымызға түзетулер енгізуде. Және біз партияның тұғырнамасын бүгінгі күн шындығы тұрғысынан қарай отырып жаңа мазмұнмен толықтыруға тиіспіз.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын. Мен 2015 жылға арналған халыққа жаңа Жолдауымды осыған арнаймын. Ол контрцикпикалық сипатқа ие болады және біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады. Бұл нені білдіреді?

Сыртқы нарықтардағы жағдай оңтайлылығымен ерекшеленіп, мұнай мен біздің экспорттық өнімдерімізге баға айтарлықтай жоғары деңгейде болған жылдары біз шикізат экспортынан түскен табыстарды Ұлттық қорға бағыттап келдік. Ұлттық қордың негізгі міндеттерінің бірі біздің экономикамыздың сыртқы естен тандырулар алдындағы орнықтылығын, оның ішінде, табиғи ресурстарға баға төмендеген жағдайда да, жоғарылату болып табылады.

Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы Қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық. Қалған ақшаны ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттік. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады. Бұл ресурстар қысқа мерзімдік шараларға арналмаған. Олар экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. Нақты айтқанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады.

Ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған болатын. Басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысын мына мақсаттарға бағыттауды тапсырамын.

Бірінші. Шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу қажет. Бұл тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Екінші. Банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін 2015 жылы Проблемалы несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемінде капиталдандыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.

Үшінші. Жаңа инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайларды жақсарту қажет. Осы мақсатта 2015 жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтауға, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын.

Төртінші. Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. 

Бесінші. ЭКСПО-2017 қарсаңында бізге Астананың көліктік инфрақұрылымын дамыту туралы ойластыру қажет. Астана аэропорты осы жылдың өзінде-ақ өзінің максималды өткізу қабілеті – 3,5 миллион адамға жетеді. Сондықтан оның әлеуетін ұлғайту үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл өткізу қабілетін 2017 жылға қарай жылына 7,1 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Құрметті қазақстандықтар!

Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жариялағалы отырған Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады. Ол 5 жылға есептелген және қатысуға 100-ден астам шетелдік компаниялар ниет білдіріп отырған ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың Екінші бесжылдығына сәйкес келеді. Жалпы инвестициялық портфель 6 триллион теңгені құрайды, мемлекеттің үлесі – 15 пайыз.

***

Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен.

Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ.

***

Бірінші. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистаралды автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай – Батыс Еуропа; Астана – Алматы; Астана – Өскемен; Астана – Ақтөбе – Атырау; Алматы – Өскемен; Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда; Атырау – Астрахань.

Сондай-ақ, елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткел және Боржақты – Ерсай теміржол желісі ықпал ететін болады. Үкіметке Қытайдың, Иранның, Ресей мен ЕО елдерінің «құрғақ» және теңіз порттарында терминалдық қуаттар салу немесе жалға алу мәселесін ойластыруды тапсырамын.

Екінші. Индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру құрылыс материалдарына, көліктік-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудырады.

Осыған байланысты, біріншіден, жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдар қалыптастыру жұмыстарын аяқтау керек. Үкіметке және әкімдерге оларды нақты жобалармен толықтыру бойынша жедел шаралар алу қажет. Екіншіден, өңірлерде ШОБ өндірісін дамыту мен қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар салу мәселесін ойластырған жөн. Туризм үшін инфрақұрылым – жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру мүмкіндігі болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі.

Үшінші. Энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Өткен 5 жылда энергетикада индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Соған қарамастан, магистралдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының, орталық және шығыс облыстарында табиғи газдың тапшылығын туындатып отыр. Екі жобаға назар салу керек. «Екібастұз – Семей – Өскемен» және «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желілер салу қажет. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.

Төртінші. ТКШ мен су- және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту. Инвестицияларға жалпы қажеттілік қаржыландырудың барлық көздерінен 2020 жылға дейін жыл сайын ең азы 200 миллиард теңге бөлгенде кем дегенде 2 триллион теңгені құрайды.

Бүгін ТКШ-ны жаңғыртуға инвестициялар салуға Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, сондай-ақ, жеке инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр. Ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер ұсыну арқылы олардың барынша тартылуын қамтамасыз ету қажет. Тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек. Осыған байланысты жылу- және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту қарқынын жеделдету үшін бюджетте қарастырылған қаржыға қосымша жыл сайын 100 миллиард теңге бағыттау ұтымды болмақ. 

Бесінші. Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту. Агломерациялар қалыптастыру айтарлықтай тұрғындар ағынымен қатарласа жүреді. Бұл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның ішінде, тұрғын үй қорына қысым туғызады. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз.

Алтыншы. Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту. Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл – біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс.

Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын.

Жетінші. Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түсті. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет. 

Құрметті қазақстандықтар!

Әлемдік экономикадағы жағдай мынадай, дағдарысты жағдайларда алға қойған мақсаттарға қосымша қаржы ресурстарынсыз қол жеткізу айтарлықтай күрделі.

Кезінде Ұлттық қордың не үшін құрылғанын қаперлеріңізге салғым келеді. Оның басты міндеті – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғау. Дәл қазір біздің осы қорымызды қажетке жарататын кез келді. Қазақстан өзге елдердің қателіктерін қайталамай, экономикалық өсім үшін ішкі қорын барынша тиімді пайдалануы тиіс.

Мен Ұлттық қордан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкіметке бір апта мерзімде Ұлттық қордан қаржы бөлу үшін тиісті шешім дайындауды және 2015 жылға арналған республикалық бюджет жобасында қажетті қаржыларды ескеруді тапсырамын. Сондай-ақ, Үкімет қажетті шаралар қабылдап, осы қаржылардың тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуі керек.

Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отыратын болады. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ. Барлық әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» осы жұмысқа белсенді араласып, барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиіс.

Ұлттық қор инвестициялары экономиканың тиісті салаларында міндетті құрылымдық реформалар жүргізумен қоса-қабат жүруі тиіс. Ол үшін жобаларды халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Мәселен, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, ЕҚДБ және ИДБ қазірдің өзінде 90 басымдықты жобаға 9 миллиард доллар шамасында бөлуге дайын. Қаржыларды бөлу инвестициялық белсенділікті қолдауға, халықтың табыстары деңгейі төмендеуінің алдын алуға және жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыруға бағытталған. Нәтижесінде қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада экономиканың тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі.

Біздің білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларымыз жалғаса береді. Бұл туралы алдағы жылы Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында нақты әңгіме қозғайтын боламыз. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз.

Бүгінде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік реформа жүргізілді, Үкімет пен атқарушы биліктің жаңа құрылымы жұмыс істеуде. Әр министр не істеу керек екенін біледі. Біз басқарудағы қосарланушылық пен қажет емес буындарды жойдық. Әкімдер өкілеттіліктің қажетті деңгейіне ие болды. Өңірлерде бәрі бар – бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары. Әркім өз жұмыс учаскесі үшін жауап береді. Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет.

«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат біздің экономикамыздың таяу жылдардағы өсімінің драйвері болады. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 жұмыс орны құрылады. Ал бұл халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуін білдіреді. «Нұрлы Жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндіру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативті әсер етеді. Жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын артериялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты.

Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар біздің еліміздің барлық түкпірлерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді. Нәтижесінде ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады. Ал ең бастысы – осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады.

Құрметті қазақстандықтар!

Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90-шы жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды.

Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!

Алдағы жылы біз Конституцияны қабылдаудың және Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 20 жылдығын салтанатты түрде атап өтеміз. Осы даталарды атап өте отырып, бізге қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрі күштірек, топтасқан және бұрынғыдан да бетер тағатты ету маңызды. Қазақстан, тек алға атты біздің басты қағидатымыз тарихтың жаңа жауапкершілікті орамында жаңаша үн мен неғұрлым терең мағынаға ие болатынына менің сенімім мол. Баршаларыңызға біздің Отанымызды бұрынғыдан да зор биікке көтеретін жаңа шыңдарға қол жеткізуде табыстар тілеймін!

Қадірлі халқым!

Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы.

Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!

«Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік, берекесі.

Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз.

2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда.

Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын және халықаралық ЭКСПO-2017 көрмесін табысты өткізіп, еліміздің әлеуетін әлемге паш етеміз. Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болсын! Баршаңызға «Нұрлы Жол» Жолдауын жүзеге асыруда табыс тілеймін!

 Астана, 11 қараша 2014 жыл 

Толығырақ...

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар

 

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар

18.01.2014

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы

 

Қазақстан жолы – 2050:

Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ

 

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметті депутаттар!

Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті.

Қазақ елі өткен 22 жылда қыруар іс тындырды. Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандасымыздың жүрегінде елімізге деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтырдық. Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды. Халықтың 97 пайызы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түскенін айтады.

Бүгінде Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!

Құрметті отандастар!

ХХІ ғасырдың Қазақстаны – талантты, еңбекқор, толерантты халықтың небәрі екі онжылдықта «нөлден» бастап құрған елі. Бұл – біздің бәріміз мақтан тұтатын ортақ жемісіміз! Бұл – біздің шексіз сүйетін ұлы туындымыз!

Біз қазақстандықтардың ел болашағының тұтқасын нық ұстауы үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдадық. Бүгінде көптеген табысты елдер – Қытай, Малайзия, Түркия ұзақмерзімді жоспар бойынша жұмыс істеуде. ХХІ ғасырда стратегиялық жоспарлау ең өзекті қағида болып саналады. Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды. 2050 Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді.

Стратегия – күннен күнге, жылдан жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы. Бірақ нарықтық жағдайда аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбектену керектігін әркім-ақ түсінуі тиіс. Мемлекеттің міндеті – осыған барлық жағдайды жасау. Мен әлемнің озық елдері арасындағы Отанымыздың лайықты Болашағы ғана қазақстандықтарды мәңгілікке біріктіретініне сенімдімін.

Бүгін мен дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарымызды ұсынғым келеді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет нақты тұжырымдама жобасын жасады. Осы Жолдаудағы менің тапсырмаларым ескеріле отырып жөнделгеннен кейін түпкілікті бекітілетін бұл құжатты жалпы алғанда қолдадым. Көптеген болжамдар бойынша, алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін «мүмкіндіктер көзі» болмақ. Бұл кезеңде сыртқы ортаның қолайлылығы, ресурстарға, энергияға және азық-түлікке сұраныстың артуы, Үшінші индустриялық төңкерістің пісіп-жетілуі сақталады. Біз бұл кезеңді пайдалана білуге тиіспіз.

Біз 2050-дің мақсатына қарай күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында ілгерілейміз. Алдағы онжылдықтарда біз қазірдің өзінде біліп отырған сын-қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар аз кездеспейді. ХХІ ғасырда «жеңіл-желпі жүріп өту» деген болмайды. Ғасыр ортасы да таяп қалды. Әлемнің дамыған елдері соған сай нақты стратегияларын дайындауда. ХХІ ғасырдың орта тұсы күрделі болары даусыз, ал жаһандық отыздық тобының тізіміне кіретін үміткерлер саны тым шектеулі болады. Мен «дамыған ел» ұғымының уақытқа сәйкес өзгеріп тұратын категория екенін бірнеше рет айттым. Дамыған елдерде халықтың мүлде жаңа өмір сапасы пайда болуда.

Бүгінде дамығандықтың іргелі көрсеткіштерін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттер көрсетіп отыр. Оған әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын өндіретін 34 ел кіреді. ЭЫДҰ-ға кіруге тағы 6 ел – Бразилия, Қытай, Үндістан,Индонезия, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасы үміткер болып отыр. Ұйымға мүше барлық елдер терең жаңғыру жолынан өтті, инвестицияның, еңбек өнімділігінің, шағын және орта бизнесті дамытудың, халық өмірі стандарттарының жоғары көрсеткішіне ие болып отыр. Әлбетте, ЭЫДҰ елдерінің болашақ ұзақмерзімді қарқыны ескерілгендегі индикаторлары – жер жүзінің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жолындағы біздің базалық бағдарымыз осы.

Мен Қазақстанда ЭЫДҰ-ның бірқатар қағидаттары мен стандарттарын енгізу жөнінде міндет қойдым. Олар Тұжырымдама жобасында көрініс тапқан.

Экономикада ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін 4 пайыздан кем қылмау жоспарлануда. Инвестиция көлемін қазіргі 18 пайыздан бүкіл ішкі жалпы өнім көлемінің 30 пайызына дейін ұлғайту керек. Экономиканың ғылыми қамтымды моделін енгізу Қазақстанның экспорттық әлеуетіндегі шикізаттық емес өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру мақсатын көздейді.

Экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыруды талап етеді. Ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын 2 есе азайту маңызды. Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Еңбек өнімділігін 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру керек.

Әлеуметтік саланы дамытудың 2050 жылға дейін басты бағдарлары нақты индикативті цифрларда көрсетілген. Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құрылымында орта тап үлесі басым елге айналады. Урбанизацияның жаһандық үрдісіне орай қалалық тұрғындар үлесі барлық халықтың қазіргі 55 пайызынан 70 пайыздай деңгейге дейін өседі. Қазақстанның қалалары мен елді мекендерін сапалы жолдар мен көліктің барлық түрінің жүрдек бағыттары байланыстырады.

Саламатты өмір салтының орнығуы, медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттырады. Қазақстан медициналық туризмнің жетекші еуразиялық орталықтарының біріне айналады. Озық және бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін құру аяқталады.

Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуға тиіс. Бейбітшілік пен тұрақтылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі дегеніміз – дамыған елдің негізі.

Құрметті отандастар!

Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленген. Біз мына басым бағыттар бойынша бірқатар мәселелерді шешуіміз керек.

Бірінші. Инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу маңызды. Мен Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустрияландырудың Екінші бесжылдығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар бердім. Индустрияландыру басымдықтары санын шектеу керек.

Бізге дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыру маңызды. Бұлар – біздің бәсекедегі табиғи артықшылықтарымыз. Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек. Мұнай мен газ өндірудің ықтимал сценарийлері бойынша түбегейлі шешімге келу керек. Сирек металдардың ғылыми қамтымды салалар – электроника, лазерлік техника, коммуникациялық және медициналық жабдықтар салалары үшін маңыздылығын ескере отырып, оларды игеру ауқымын ұлғайту қажет.

Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Тиісті заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн. Жалпы, дәстүрлі салаларға қатысты біздің оларды дамыту жөніндегі бөлек жоспарларымыз болуы керек. Әрбір келесі бесжылдықтың нақты нәтижесі экономиканың жаңа салаларын қалыптастыру болуға тиіс. Бірінші бесжылдық аясында автомобиль және авиақұрастыру, тепловоз, жолаушылар және жүк вагондары өндірісі жолға қойылды. Оларды кеңейтіп, сыртқы нарықтарға шығару керек.

Сонымен, 2050-ге дейінгі қалған жылдар жеті бесжылдыққа бөлінеді, олардың әрқайсысы бір мақсат – дамыған 30 елдің қатарына кіру мәселесін шешеді.

Екінші және одан кейінгі бесжылдықтарда мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салған жөн. Мемлекет жұмысының негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау болмақ. Таяудағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасау керек, онсыз біз әлемнің дамыған елдері қатарына қосыла алмаймыз. Мұны дамыған ғылым арқылы шешуге болады.

Екінші. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек.

Бірінші кезекте, әсіресе баға қалыптастырудың ашық механизмдері арқылы тиімді жер нарығын құру маңызды. Ауылшаруашылық жерлерін инвестиция тарту және озық технологиялар енгізуді ескеріп жалға бергенде ғана бәсеке күшейеді. Ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына, фермерлер кооперациясы үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жойған жөн.

Болашақ – аграрлық секторда, әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда. Бұл тұста біз бизнесті несие арқылы қолдауға тиіспіз. Фермерлер ұзақмерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шыға алатын болуға тиіс. Ауыл өндірушілерінің қарыздарын кепілдендіру және сақтандырудың тиімді жүйесін құру да өзекті мәселе.

Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс. Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет.

«Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологияларына көшірілетін болады. Біз аграрлық ғылымды дамытып, сынақтық аграрлық-инновациялық кластерлер құруымыз қажет. Уақыт көшінен қалмай, табиғи азық-түлік өндірумен қатар құрғақшылыққа төзімді гендік-модификацияланған өнімдер өндірісін де жүргізу маңызды. Айтылған міндеттерді ескере келіп, Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспарына түзету енгізуді тапсырамын.

Үшінші. Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдірген жөн. Үкіметке биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін тиісті заң жобалары топтамасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуді тапсырамын. Ғылымды қаржыландыру көлемін біртіндеп арттырып, оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде нақты жоспар қажет.

Шетелдерден инвестиция тартуды толықтай елімізге білім мен жаңа технологиялар трансферттеу үшін пайдалану керек. Шетелдік компаниялармен бірлесіп, жобалық және инжинирингтік орталықтар құру қажет. Бізге ірі мұнай-газ және тау-кен металлургиялық нысандарында жұмыс істейтін жетекші трансұлттық компанияларды олар осында өз қажеттілігі мен сервисін қамтамасыз ету үшін өндірістер құруға шақырғанымыз жөн. Мен кейбір ірі компаниялардың бұған дайын екендігін білемін. Үкімет осы мәселені қайта пысықтап, қажет болған жағдайда бұл үшін барлық жағдайды жасағаны жөн. Жабдықтарды өз елімізде өндіруімізге де болатын кезде шет елден тасымалдаудың қажеті жоқ.

Ұлттық инновациялық жүйенің, оның негізгі институттарының тиімділігін арттыру маңызды. Олардың белсенділігін стартаптарды және венчурлік мәмілелердің бастапқы кезеңдеріне қолдау көрсетуге бағыттаған жөн. Ірі қалалық агломерациялардағы, әсіресе Астана мен Алматыдағы технологиялық парктердің жұмысын жандандыру керек. Алғашқы зияткерлік-инновациялық кластер қазір Астанадағы Назарбаев университетінің арқауында табысты жұмыс істеуде. Ал Алматыда мұндай кластер – «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі. Технопарктерде қазақстандық ірі компаниялардың қосалқы өндірістерін орналастыру үдерісін ынталандыру шараларын ойластыру маңызды.

Төртінші. Инфрақұрылымдық үштаған – агломерацияның, көліктің, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету керек. Агломерациялар – Қазақстанның ғылыми қамтымды экономикасының ұстыны. Елдің орасан зор аумағын, халықтың орналасу тығыздығының төмен екенін ескерсек, агломерациялар қалыптастыру мен дамыту – маңызды мәселе. Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар – Астана мен Алматы, одан соң – Шымкент пен Ақтөбе болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді.

Көлік инфрақұрылымы – индустриялық экономика мен қоғамымыздың тамырына қан жүгіртетін жүйе. Сапалы заманауи магистральдарсыз дамыған ел болмайды деп мен талай рет айттым. Бұған қоса, Қазақстанның қатынас жолдары оның Еуропа мен Азия, Солтүстік пен Оңтүстік арасында орналасуы тұрғысынан маңызды мәнге ие. Елде жолдар желісін жасау үшін біз «Астана – Қарағанды – Алматы», «Астана – Павлодар – Өскемен», «Алматы – Қапшағай – Өскемен» автожолдарын салуды бастадық. Осы бағыттар бойынша пойыздар қазірдің өзінде екі есе жылдам жүріп жатыр.

Логистикалық қызмет көрсету секторын дамыту қажет.

Ең алдымен біздің жүктерімізді тасымалдау үшін Кеден одағы аумағын барынша пайдалану туралы сөз болып отыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің құрылысы да аяқталуға таяу, Парсы шығанағына шығу үшін Түрікменстан мен Иранға теміржол тартылды. Келешекте Қазақстан теңізге шығатын жолдары бар елдерде логистика орталықтарын құруға инвестиция салуға тиіс. Жүктерді кедендік өңдеу мерзімдерін қысқартып, шекара өткелдерінің өткізу мүмкіндігін арттырып, Ақтау портының қуаттылығын күшейтіп, экспорт-импорт операцияларының ресімдерін жеңілдету керек.

Біз ұзындығы 1200 шақырым болатын Жезқазған – Шалқар – Бейнеу жаңа теміржолын салып жатырмыз. Ол орталықтың көптеген аудандарына жан бітіріп, елдің шығысы мен батысын тікелей байланыстырады. Бұл орасан құрылыс 2015 жылы аяқталады. Бұл магистраль Каспий мен Кавказ арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік береді. Ал шығыста Тынық мұхиттағы Ляньюньган порты арқылы шығамыз,бұл жөнінде ҚХР-мен келісім бар.

Біз энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамытатын боламыз. Жылу-электр стансаларынан шығатын қалдықтарды тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажет. Таяуда Еуроодақтың ірі компанияларының алғашқы ондығы Еуроодақтың әйгілі жасыл экономика тұжырымдамасы негізінде қабылданған энергетикалық стратегиясына қарсылығын жариялады. Еуроодақ оны жүзеге асырған төрт жылда 51 гигаватт энергия қуатын жоғалтты. Жасыл экономика бағдарламасымен жұмыс жүргізе отырып, біз осы қателікті ескеруіміз керек.

Астанадағы Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықты болашақтың энергиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлемдік тәжірибені зерделеу мен енгізу орталығын құру үшін пайдалану керек. Мамандар тобы Назарбаев университетінің қолдауымен осы жұмысқа кірісуге тиіс. Біз қоғамдық көлікті отынның экологиялық таза түрлеріне көшіруге, электромобильдерді енгізуге және олар үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға жағдай жасауымыз керек. Еліміз бензинді, дизель отынын, авиация керосинін молынан өндіруді қажет етіп отыр. Жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу қажет.

Сонымен қатар, ядролық энергетиканы дамытудың келешегін ұмытпау керек. Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз.

Бесінші. шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Мұндағы менің ұстанымым айқын екенін білесіздер, оны талай айтқанмын. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Бізде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді. Бұл сектордағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсті және 8,3 млрд. теңгені құрап отыр.

Жаһандық рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес – біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс.

Шағын бизнесті мамандандыруды келешекте оларды орта деңгейге көшіру перспективасымен дамыту шараларын қабылдау маңызды болмақ. Осы сектор субъектілерінің банкроттығының айқын тетіктерін енгізген жөн. Шағын және орта бизнес жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуға тиіс. Мен Үкіметке индустрияландырудың екінші бесжылдығы жоспарын «Бизнес-2020» жол картасымен үйлестіруді тапсырдым. Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмысын жаңа бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктерін жасауы керек.

Алтыншы. Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?

Біріншіден, барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс.

Таяудағы 3 жыл ішінде, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, қажетті жерлерде елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру керек. Үкімет пен әкімдер осы міндетті орындау үшін бюджет қаражатының бөлінуін қарастырғаны жөн. Таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет. Үкіметке 2014 жылғы 1 маусымға дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын.

Жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет. Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасау қажет деп санаймын. Үкіметке 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап стипендиялар мөлшерінің 25 пайызға өсірілуін қамтамасыз етуді тапсырамын.

Екіншіден, денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеген жөн. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі.

Үшіншіден, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керек.

Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн.

Төртіншіден, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттерін қайта қарастырған жөн. Үкіметке азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуді және 2015 жылғы 1 шілдеден бастап енгізуді тапсырамын. Ол қызметкерлердің еңбекақыларын денсаулық сақтау саласында – 28, білім беру саласында – 29, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Бесіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады.

Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн. Егер қажет болған жағдайда Үкімет бұл мәселені барлық компаниялармен бірлесе пысықтап, тиісті шешім қабылдауы керек. Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін Үкіметке 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттыруды тапсырамын. Мүгедектер бірлестіктері қызметінің құқықтық базасын жетілдірген жөн.

Үкіметтен бастап жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдардың олармен жұмысын күшейткен маңызды. Кедейлік деңгейін одан әрі төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тежеген жөн. Бұл ретте масылдық пиғылдың өрістеуіне жол бермеу маңызды.

Мемлекеттік көмек алушылардың барлығы үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге көмектесетін бағдарламаларға міндетті қатысу туралы ереже енгізу керек.

Жетінші. Мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет. Мемлекеттің үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдері керек. Заң алдындағы теңдік құқық тәртібінің шынайы негізі болуға тиіс.

Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс. Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет. Зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс.

Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру.Әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауға тиіс. Халық алдында есептілігін арттырып, нәтижеге деген жауапкершілігін күшейте отырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына көбірек дербестік беру керек. Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, биылғы 1 шілдеге дейін осы айтылған барлық мәселелер жөнінде кешенді ұсыныстар енгізуді тапсырамын.

Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық компаниялар мен бюджеттік мекемелердің кадр саясатына меритократия қағидаттарын енгізуді жалғастыру қажет. Үкіметке «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің еңбекақысын 2015 жылғы 1 шілдеден бастап – 15 пайызға, ал 2016 жылғы 1 шілдеден бастап – тағы 15 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.

Мемлекетіміз бен қоғамымыз алдында тұрған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолындағы нақты міндеттер осындай. Біздің алдымызда оларды заң жүзіне және нақты шешімдерге айналдыру міндеті тұр.

Құрметті депутаттар және Үкімет мүшелері!

Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылысымызды біз екі кезеңде жүзеге асыруымыз қажет.

Бірінші кезең XXI ғасырдағы «мүмкіндіктер көзін» пайдалана отырып, жаңғыру серпілісін жасау қажет болатын 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Қазақстан осы уақыт ішінде дамыған елдердің өткен жүзжылдықтағы индустриялық дүмпу кезінде жасағанын жүзеге асыруы қажет. Мұны іске асыруға әбден болады. Оңтүстік Корея, Сингапур осындай жолдан өтті. Бұл кезеңде біз экономикамыздың дәстүрлі салаларының қарқынды өсімін қамтамасыз етіп, қуатты индустриялық өңдеуші сектор құрамыз.

Екінші кезеңде 2030 – 2050 жылдар аралығында еліміздің ғылыми қамтымды және жасыл экономика қағидаттарына негізделген орнықты дамуын қамтамасыз ету қажет. Біз қуатты өңдеуші өнеркәсіп қалыптастырамыз.Дәстүрлі салаларда жоғары өңделген өнімдер шығаруға көшу жүзеге асырылып, ғылыми қамтымды экономиканың базасы ретінде инжинирингтік қызметтер дамиды.

Көп нәрсе қалай бастауға байланысты екенін ескере отырып, енді биыл атқарылуға тиіс шараларға тоқталайын.

Үкімет пен Ұлттық банкке осы жылға арналған нақты тапсырмалар беремін.

Бірінші. Үкімет биыл экономика өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуге тиіс. Бұл орайда биылғы жыл қорытындысы бойынша, халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 14,5 мың доллардан кем болмауға тиіс.

Екінші. Ұлттық банк пен Үкіметке 2014 жылғы 1 мамырға дейін инфляцияны орта мерзімді перспективада 3-4 пайызға дейін төмендетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын.

Үшінші. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, 2014 жылғы 1 маусымға дейін Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын әзірлеуі қажет.

Төртінші. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, мемлекеттің қатысы бар барлық компанияларға талдау жүргізіп, жеке секторға берілетін кәсіпорындар тізімін анықтауы керек. Тура осындай жұмысты қалған мемлекеттік секторларда да жүргізу қажет. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы қабылдануға тиіс.

Бесінші. Үкімет жылдың соңына дейін Астана және Алматы қалаларында агломерациялар қалыптастырудың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиясы жобасын әзірлеуі керек.

Алтыншы. Үкімет халықаралық сауданы іске асыру кезіндегі кедергілерді алып тастау мәселелерін қарастыра отырып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлесін.

Жетінші. Төртінші мұнай өңдеу зауыты мен атом электрстансасының орны, инвестициялар көзі мен құрылыс мерзіміне қатысты мәселелерді Үкімет биылғы бірінші тоқсанның соңына дейін шешкені жөн.

Құрметті қазақстандықтар!

Менің серіктестерім!

Біздің Стратегия-2050-дегі басты мақсаттарға жетуді көздейтін барлық іс-әрекеттеріміз нақты қағидаттарға негізделуге тиіс.

Біріншіден, қабылданатын барлық шешімдердің прагматизмі мен эволюциялылығы қағидаты.

Экономикада, саясат пен әлеуметтік тұрмыста ешбір секіріске, жөнсіз сынақ пен авантюраларға жол беруге болмайды. Айналамыздағы әлем қалай тез өзгеретін болса, еліміз бен қоғамымыз да солай жылдам өзгеруге тиіс.

Екіншіден, өзара тиімді ашықтық қағидаты.

Біз экономикамызға шетелдік инвестициялар, технологиялар мен инновацияларды кеңінен тартатын боламыз. Инвесторлар үшін жұмысқа қолайлы жағдайлар жасаймыз. Біз дамыған 30 елдің тобына кірудің осы маңызды тетігі арқылы экономикамыздың өңірлік, жаһандық экономикалық жүйемен терең ықпалдасуын айқын көріп отырмыз. Бұл, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыруға қатысуымызға, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруімізге байланысты.

Үшіншіден, бұл – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру қағидаты. Қарапайым адамдардың әлеуметтік көңіл-күйі біздің басты мақсатқа ілгерілеуіміздің маңызды индикаторы болуға тиіс.

Төртіншіден, бүкілхалықтық қолдау қағидаты маңызды мәнге ие.

Менің халыққа Жолдауым біздің мақсаттарымыз бен міндеттерімізді түсіндіретін басты құжат болып табылады. Әрбір министр, әкім, кәсіпорын басшысы осы Жолдауды түсіндіру жұмысына және оған баршаны қатыстыру ісіне жетекшілік етуге тиіс. Жолдаудың мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі нақты шаралардан әрбір қазақстандық хабардар болуы қажет. Бұл «Нұр Отан» партиясы қызметінің негізгі мәселелерінің біріне айналады деп сенемін.

Ол үшін ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің өздері Стратегиямыздың идеяларын білуге және мәнін терең ұғуға тиіс.

Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің бүкіл құрамының, барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы барлық осы міндеттерді орындауға бағытталуға тиіс. Жалпы, мемлекеттік органдардың құрылымы алдағы міндеттердің шешімімен үйлесім тауып, 2050 Стратегиясының мақсаттарын іске асыруды қамтамасыз етуі керек.

Қымбатты отандастар!

Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз!

Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы.

Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды.

Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі.

Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы.

Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.

Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият.

Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім.

Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.

Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.

Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.

Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік.

Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр.

Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірлесіп, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін әзірлеп, қабылдауды ұйымдастыруды тапсырамын.

Біз өз халқымыздың игілігі жолында ұлы мақсаттарды алға қоямыз, сондықтан мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барша қазақстандықтарды 2050 Стратегиясының басты мақсатына жету жөніндегі жұмысқа белсене қатысуға шақырамын!

Әсіресе, жастарымызға мынаны айтамын. Бұл Стратегия сіздерге арналған.

Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Өз жұмыс орындарыңызда отырып, осы жұмысқа әрқайсысыңыз атсалысыңыздар. Немқұрайлылық танытпаңыздар.

Елдің болашағын барша халықпен бірге жасаңыздар!

Қадірлі халқым!

Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы.

Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді.

Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді.

Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық.

Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы.

Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді.

Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық.

Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады.

Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!

Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын.

Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама.

Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек.

Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.

«Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, қадірлі халқым! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын! Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!

 

Астана, 2014 жылғы 17 қаңтар

 

 

 

 

«Қазақстан-2050» Стратегиясы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ

 Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА

ЖОЛДАУЫ

 

«Қазақстан-2050» Стратегиясы

қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты

  

Мазмұны

 

І. Қалыптасқан Қазақстан – мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы

 

1. Қуатты да табысты мемлекет

2. Демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі

3. Түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісімі мен  татулығы

4. Ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлінісіндегі біздің рөліміз

5. Қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін күшті әлеуметтік саясат

6. Әлемдік қоғамдастық таныған ел

7. Ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі біздің белсенді рөліміз

8.Қазақстан-2030 стратегиясы. Негізгі қорытындылар

 

ІІ. ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері 

1. Бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі

2. Екінші сын-қатер – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік

3. Үшінші сын-қатер – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер

4. Төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы

5. Бесінші сын-қатер – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік

6.Алтыншы сын-қатер – табиғи ресурстардың сарқылуы

7. Жетінші сын-қатер – Үшінші индустриялық революция

8. Сегізінші сын-қатер – үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық

9. Тоғызыншы сын-қатер – өркениетіміз  құндылықтарының дағдарысы

10. Оныншы сын-қатер – жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупі

 

ІІІ. "Қазақстан-2050"  Стратегиясы – жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағыты 

1. Міндеттердің жаңа парадигмасы

2. Қайда бет алдық? Жаңа саяси бағыттың мақсаттары

 

1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

1. Түгел қамтитын экономикалық прагматизм

2. Жаңа кадр саясаты

3. Макроэкономикалық саясатты жаңғырту

3.1. Бюджет саясаты

3.2.  Салық саясаты

3.3. Ақша-кредит саясаты

3.4. Мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты

 

4. Инфрақұрылымды дамыту

5. Мемлекеттік активтерді  басқару жүйесін жаңғырту

6. Табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесі

7. Индустрияландырудың келесі кезеңінің жоспары

8. Ауыл шаруашылығын жаңғырту

8.1.  Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде және саудада қожалықтар мен шағын және орта бизнесті дамыту

9. Су ресурстарына қатысты саясат

 

2. Ұлттық экономикамыздың  жетекші күші – кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау

 

1. Шағын және орта бизнесті дамыту

2. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің жаңа үлгісі  –

«Қуатты бизнес – Қуатты мемлекет»

3. Жекешелендірудің жаңа кезеңі – мемлекет рөлінің өзгеруі

 

3. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер мен  жеке жауапкершілік

 

1. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері

1.1. Ең төменгі әлеуметтік стандарт

1.2. Атаулы әлеуметтік қолдау

1.3. Өңірлердегі әлеуметтік теңгерімсіздіктер проблемасын шешу

1.4. Жұмыспен қамту және еңбек саясатын жаңғырту

 

2.  Ананы қорғау. Әйелдерге қамқорлық

3. Баланы қорғау

4. Ұлт денсаулығы – табысты болашағымыздың негізі

4.1. Денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдықтар

4.2. Балалар денсаулығын қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері

4.3. Медициналық білім беру жүйесін жақсарту

4.4. Ауылда медициналық қызмет көрсетудің сапасы

4.5. Дене шынықтыру мен спортты дамыту

4. Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің  негізгі бағдарлары

 

1. Білім беру саласындағы жұмыстың  басымдықтары

1.1. «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарту

1.2. Инженерлік білім беру жүйесін дамыту

1.3. Білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамыту 

1.4. Білім беру  әдістемелерін жаңғырту

2. Инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты

2.1. Технологиялар трансферті

2.2. Ғылым мен бизнестің кооперациясы

2.3. Перспективалы ұлттық кластерлерді қалыптастыратын жол картасы

3.Жастарға үндеу

 

5. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту

 

1. Мемлекетті басқарудың жаңа типі

1.1. Мемлекеттік жоспарлау мен болжау жүйесін жетілдіру

2. Басқаруды орталықсыздандыру

2.1. Орталық пен өңірлер арасындағы жауапкершілік пен өкілеттіктердің ара-жігін ажырату

2.2. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы

2.3. Ауыл әкімдерін сайлау

3. Кәсіби  мемлекеттік аппарат қалыптастыру

З.1. Әкімшілік реформаның екінші кезеңі

4. Бизнес қауымдастық пен мемлекеттік аппараттың өзара іс-қимылының жаңа жүйесі

5.Тәртіпсіздікке мүлде төзбеушілік принципін енгізу

6. Жемқорлыққа қарсы күрес

7. Құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтерді реформалау

 

6. Дәйекті де болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту

 

1. Сыртқы саясатты жаңғырту басымдықтары

2. Экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту

3.Өңірлік қауіпсіздікті нығайту

4.Жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу

5. Ұлттық қорғаныс қабілеттілігі мен әскери  доктринаны нығайту

 

7. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі

 

1. Жаңа қазақстандық патриотизм

2.  Барлық этностар азаматтарының тең құқықтылығы

3. Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы

4. Мәдениет, дәстүрлер және даралық

5. Ұлттық интеллигенциясының рөлі

6. ХХІ  ғасырдағы Қазақстандағы дін

7. Болашақтағы Қазақстанды қалай елестетемін?

8. Ұлтқа үндеу

 

Қадірлі қазақстандықтар!

Қымбатты отандастар!

 

Біз бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында жиналып отырмыз.

Міне, біз 20 жыл бойы осы ұлы мерекені мақтанышпен атап өтіп келеміз.

1991 жылғы 16 желтоқсанда біз – Қазақстан халқы – егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгінгі күні осы құндылықтар біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды.

Сол кездері, сапарымыздың басында бәрі басқаша болды. Енді біздің ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында ел танымастай болып өзгерді.

Біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз.

Біздің алғы шепті алуымыз қымбатқа түсті.

Ел 20 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды.

Қазақстан ХХІ ғасырдың басында тәуелсіз әрі өзіне сенімді болып отыр.

Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігіміндетіміз  егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру.

Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.

Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ.

Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен  айналысады.

Дәл осы себептен де Тәуелсіздік күні қарсаңында, қымбатты менің отандастарым, мен сіздерге жаңа Жолдау  ұсынып отырмын.

Бұл – еліміздің даму перспективаларына жасаған өзіндік пайымдауым.

Бұл – жаңа саяси бағыт.

 

І. ҚАЛЫПТАСҚАН ҚАЗАҚСТАН – мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың,  

қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз Бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы

 

Дәл 15 жыл бұрын біз Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі  стратегиясын қабылдадық.

Бұл 1997 жыл – кеңестік кезеңнен кейінгі бей-берекеттік түбегейлі еңсерілмеген, дағдарыс Оңтүстік-Шығыс Азияны және басқа да кейбір нарықтарды сансыратқан кезең болатын. Бізге де аса қиын соқты.

Осы жылдар ішінде біздің Стратегиямыз  басты мақсатымыздан ауытқымай, шамшырақ сияқты біздің жолымызға сәуле шашып, алға басуға жігерлендірді.

1997 жыл естеріңізде ме?

Парламентте мен сөз сөйлегеннен кейін абдырау мен абыржу болды.

Көпшілік: «Бұл не – насихат па? Әлде аспаннан түскен нәрсе ме?»  деп сауал қойып жатты.

Сол кезде алға қойған міндеттер соншалықты асқақ болып көрінетін.

Дегенмен «көз қорқақ, қол батыр» дейді ғой.

Біздің алдымызда оқиғалар барысына өзгеріс енгізу сияқты ауқымды міндет тұрды. Жаңа елдің іргесін қалау керек болды.

Ол міндетті шешу үшін  біз үш бірдей жаңғырту жүргізуге тиіс едік: мемлекеттің іргесін қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау, қоғамдық сананы қайта өзгерту. Біз өзіндік  жолымызды айқындауға тиіс едік. Бұл жол"Қазақстан-2030" Стратегиясында белгіленген болатын. Бұл құжат стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді пайымдаған,  көзқарасымыздағы  маңызды серпіліс болды.

Халық нақылында айтылғандай: «Мақсат – жетістіктің желкені»Орынды мақсаттар ғана табысқа жеткізеді.

Бүгін дұрыс таңдау жасағанымыз туралы айту мен үшін үлкен абырой. 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс осыны айғақтады.

Қазақстан оған төтеп бердіДағдарыс жетістіктерімізді сетінете алған жоқ, бізді қуатты ете түсті.

Біз таңдаған ел дамуының саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси үлгісі өз тиімділігін дәлелдеді.

 

1. Қуатты да табысты мемлекет

 

Біздің басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз.

Біз шекарамызды заңдық тұрғыдан ресімдедік. Елдің тұтастандырылған экономикалық кеңістігін құрдық. Елде өндірістік байланыстарды қайтадан орнықтырып, нығайттық. Бүгінде барлық өңірлер бір-бірімен ажырағысыз байланыста жұмыс істейді.

Билік тармақтарының бөлінуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.

Елдің жаңа елордасы – Астананы салдық. Бұл заманауи қала біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуетін пайдалана алдық. Дәл сол себептен де халықаралық қауымдастық  ҚазақстандыЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде таңдады. Егер Астана болмаса, бұл да болмас еді. Мұндай құрмет кез келгеннің еншісіне тие бермейді. Біздің еліміз  кеңестен кейінгі кезеңдегі күллі кеңістікте  ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, осы Ұйымның Саммитін өткізген және ғаламдық ауқымдағы іс-шара – ЭКСПО-2017-ні өзінде өткізетін бірінші ел екенін  айтсақ та жеткілікті.

 

2. Демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі

 

Біз «Алдымен экономика – cодан соң саясат» деген айқын формуламен ілгерілеп келеміз. Саяси реформалардың әрбір кезеңі  экономика дамуының деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша ғана елді жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге болады.

Қоғам әрбір қадам басқан сайын демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы ең жоғары стандарттарға жақындап келеді.

Біз ел Конституциясында негізгі құқықтар мен бостандықтарды бекіттік. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық азаматтары тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие.

 

3. Түрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтардың келісімі мен  татулығы

 

Біз қазақ халқына, біздің мәдениетіміз бен тілімізге қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірдік.

Этникалық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтадық.

Қазақстан  140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері үшін туған шаңырағына айналды.

Азаматтық татулық  пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениеттер үндесуінің  бірегей еуразиялық үлгісі болды.

Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу  орталығына айналды.

4. Ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлінісіндегі біздің роліміз

Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бірінші болып жеке меншікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негізделген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасадық. Біздің моделіміз шетелдік инвестицияларды тартудағы мемлекеттің  белсенді рөліне негізделген.

Біз елімізге 160 млрд. доллардан астам шетел инвестициясын тарттық.

Кәсіпкерлік қызмет үшін негізгі талаптар мен заманауи салық жүйесі қалыптасты.

Біз ұлттық экономиканы жоспарлы түрде  әртараптандырудамыз. Үдемелі индустрияландыру бағдарламасында екі бесжылдықта экономикамыздың бет-бейнеcін өзгертіп, оны шикізаттың әлемдік бағаларының ауытқуына тәуелсіз ету  міндетін қойдым.

Стратегия-2030 қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді.

Нәтижесінде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз.

Әлемнің барлық елдері өз дамуын салыстыратын мойындалған рейтингтер бар. Осыдан алты жыл бұрын мен алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде жалпыұлттық міндетін қойдым. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 51-орынды иеленді. Біз бүгін осы мақсатымызға таяқ тастам ғана қалдық.

 

5. Қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз еткен күшті әлеуметтік саясат

 

Мен үшін әрқашан халықтың тұрмыс деңгейі басты өлшем болды әрі солай бола бермек.

15  жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өсті.

Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны 7 есе азайды, жұмыссыздар саны екі есе қысқарды.

Біз әлеуметтік бағдарланған қоғамның негіздерін қаладық.

Біз ұлт денсаулығын жақсарту ісінде едәуір ілгерілеуге қол жеткіздік.

Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін оны ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыру жүйесі  реформаланды.

Соңғы бес жылда  ана өлімі  шамамен 3 есе азайды,  бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті.

Білім алуға  тең мүмкіндіктер жасалуда.

Соңғы 15 жылда білім алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есе өсті.

Білім берудің мектепке дейінгіден бастап жоғары білімге дейінгі барлық деңгейлерін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.

Біздің адам капиталын дамытудағы ұзақмерзімді салымдар саясатымыздың арқасында қазіргі талантты жас ұрпақты өсірдік.

 

6. Әлемдік қауымдастық таныған ел

 

Әлемдік саясатта біздің еліміз  - талассыз халықаралық беделге ие жауапты да сенімді серіктес.

Біз жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісінде маңызды роль атқарамыз, халықаралық терроризмге, экстремизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте әлемдік қауымдастықты қолдаймыз.

Біз өз қауіпсіздігіміз үшін халықаралық үнқатысу алаңы -  Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыруға бастамашылық жасадық. Бүгінгі күні АӨСШК халқы 3 млрд-тан асатын 24 елді біріктіреді.

Соңғы 2-3 жылда Қазақстан Республикасы Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымынажәне Ұжымдық Қауіпсіздік Ұйымына төрағалық етті.

Астана экономикалық форумында біз диалогтың жаңа форматын – G-global-ды ұсындық. Бұл бастаманың мәні – әділетті де қауіпсіз әлемсипатын жасау ісінде күш-жігерді біріктіру.

Біз жаһандық энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге лайықты үлес қосамыз.

 

7. Ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі  біздің белсенді роліміз

 

Ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі бастамаларымыз – әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қосқан сөзсіз үлесіміз.

Әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауып және атом қаруынан бас тарта отырып, біз жетекші ядролық державалардан – АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Франциядан және Қытайдан қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдікалдық.

Біз Орталық Азияда  ядролық қарусыз аймақ құруда негізгі рөл атқардық және жер шарының басқа да аймақтарында, әсіресе, Таяу Шығыста  осындай аймақтар құруға белсенді қолдау көрсетеміз.

Біз  әлемдік қауымдастықтың ядролық терроризм қатеріне қарсы тұрудағы күш-жігеріне қолдау жасаймыз.

Қазір біз ядролық қатерді таратпау жөнінде одан әрі табанды шешімдер қабылдау қажеттілігі туралы батыл айтамыз. Ядролық қаруды таратпау туралы шарт  таратпау режімінің  арқауы болды және солай бола бермек.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың  тезірек күшіне енуі таратпау режімін нығайтудың маңызды қозғаушысы  болуға тиіс.

Бұдан үш жыл бұрын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы   29 тамызды  Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы  ұсынысымды қолдады.

Осының барлығы -  жаһандық саясаттағы біздің рөлімізді тану.

Осындай жауапты саясатының арқасында Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімінің көшбасшысы, басқа мемлекеттер үшін үлгі  болып танылды.

 

8. "Қазақстан-2030" Стратегиясы. Негізгі қорытындылар

 

«Қазақстан – 2030» Стратегиясында біз еліміздің табысын  жоспарладық

Біз алға қойған мақсаттарға дәйекті де табанды түрде қадам басып келеміз. 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыстың өзінде ұлттық экономикамыз өсуін жалғастырды.

Бүгінгі күні мен үшін 2030 Стратегиясының  мерзімінен бұрын орындауға қол жеткен параметрлерінің тұтас бір қатарын іске асырудың қорытындыларын шығару үлкен абырой.

(1) ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК. Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық.

Тұңғыш рет тарихта біздің  мемлекет  халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді.

Қазақстан  Каспий теңізінің айдынындағы  ахуалды сенімді бақылауда ұстайды.

Болашақта  кез келген аумақтық  даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға  көршілермен  даулы аумақтар қалдырған жоқпыз.

Біз  адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық.

(2) Біз 140 этнос пен  17 конфессияның өкілдері тұратын елде ІШКІ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІ сақтап, нығайттық.Біздің саясатымыз табысты болды.

Біз  демократиялық даму үлгісі негізінде азаматтық қоғам институттарын дәйекті түрде қалыптастырдық. Адам құқықтары жөніндегіОмбудсмен институты құрылды.

Бізде бұрын ешқашан көппартиялылық болмаса, қазір еліміздегі  күллі саяси спектрді көрсететін  партиялар жұмыс істейді. Бізде көппартиялы Парламент, парламенттік көпшілік қолдаған Үкімет бар.

Азаматтық қоғам дамуда, тәуелсіз БАҚ жұмыс істеуде. Түрлі бағыттағы  18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. 2,5 мыңдай БАҚ  бар, оның  90%-ы – жеке иелікте.

Қазақстан бүгінде  мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналды.

Әлемдік және  дәстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі  нақ біздің елімізде  өтті.

ХХІ ғасырда Қазақстан Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылының  көпірі болуға тиіс.

(3)  ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯЛАР МЕН ІШКІ САЛЫМДАРДЫҢ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ АШЫҚ НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ. Біз  дамудың нақты, орнықты және үдемелі қарқынына қол жеткізу міндетін қойдық. Біз осы міндетті тарихи тұрғыдан алғанда  аса қысқа мерзімде шештік.

Дәл осы «Қазақстан-2030» Стратегиясында  басты назар экономикалық өсуге аударылды.

Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі  1997  жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы  28 триллион теңгеге  өсті.

Елдің ІЖӨ  16  еседен астам өсті.  1999 жылдан бастап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы  өсуі  7,6%-ды құрап,  алдыңғы қатарлы  елдерді басып озды.

Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, еседен астам өсті.

Қазақстан әуел бастан жан басына шаққанда тартылған тікелей  шетелдік инвестициялардың көлемі жағынан ТМД-да көшбасшы болды. Бүгін бұл 9200 АҚШ долларына жетті.

Біз сыртқы сауданың – 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткіздік.

Осы жылдар ішінде мұнай өндіру – 3 есе, табиғи газ өндіру 5 есе ұлғайды.  Біз шикізат ресурстарынан түскен кірісті Ұлттық қорғажібердік.

Бұл – ықтимал экономикалық және қаржылық сілкіністерден қорғайтын сенімді қалқанымыз. Бұл – бүгінгі  және болашақ ұрпаққауіпсіздігінің кепілі.

Үдемелі индустрияландыру  бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жалпы құны 1 797 млрд. теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылды, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылған екі жыл ішінде  жалпы көлемі   101,2 млрд. теңге сомасындағы кредит болатын 225 жоба мақұлданды.

Біз – бүгін  халқының табысы орташа деңгейдегі және серпінді дамитын экономикасы бар елміз.

(4)  ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ, БІЛІМІ МЕН ӘЛ-АУҚАТЫ. Адамдардың жағдайын түбегейлі өзгертудің, өмір сүру жағдайын жақсартудың өмірлік маңызы бар. Атқарылған жұмыстың нәтижесі көзге бірден түседі.

Орташа  айлық жалақы 9,3  есе өсті. Зейнетақы төлемдерінің  орташа мөлшері 10 есе ұлғайды.  

Халықтың нақтылы ақшалай кірістері  16  есе өсті.

Егер  1999 жылы қаржыландыру 46  млрд. теңгені құраса, 2011  жылы 631 млрд. теңге болды.

Денсаулық сақтаудың бес инновациялық объектісі – Балаларды оңалту орталығы, Ана мен бала орталығы, Нейрохирургия, Шұғыл медициналық көмек және Кардиология орталықтары кіретін медициналық кластер құрылды.

Елдің барлық өңірлерінде сапалы медициналық қызметтер алу үшін қажетті жағдай жасалды.

Еліміздің ең шалғай аудандарын  медициналық қызметтермен қамтитын көлік медицинасы жедел қарқынмен дамуда.

Ұлттық скрининг жүйесі ауруларды бастапқы сатысында анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Дәрі-дәрмекпен тегін және жеңілдікті қамтамасыз ету енгізілді.

Соңғы 15 жылда халықтың саны   14 млн-нан 17 млн. адамға дейін өсті.   

Өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін ұлғайды.

Біз  қолжетімді және сапалы білім беруді дамыту бағытын дәйекті жүргізудеміз.

«Балапан» бағдарламасын іске асыру балаларды мектепке дейінгі білім берумен 65,4%-ға дейін қамтуға мүмкіндік берді.

Міндетті мектепалды даярлық енгізілді, ол мектеп жасына дейінгі балалардың  94,7%-ын қамтыды.

1997 жылдан бері республика бойынша 942 мектеп, сонымен қатар, 758 аурухана және өзге де денсаулық сақтау нысандары салынды.

Біз әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер желісін дамытудамыз.

Соңғы 12 жылда  жоғары білім алуға берілетін гранттар саны 182%-ға ұлғайды.

1993 жылы біз «Болашақ» атты бірегей бағдарлама қабылдадық, соның арқасында 8 мың талантты жас әлемнің таңдаулы университеттерінде озық білім алды.

Астанада  халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін заманауи ғылыми-зерттеу университеті құрылды.    

(5) ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР. Қазақстанның мұнай-газ кешені күллі экономиканың локомотиві болып табылады және басқа салалардың дамуына ықпалын тигізеді.

Біз экономиканың заманауи, тиімді мұнай-газ және тау-кен өндіру саласын құруға тиіс едік. Біз бұл міндеттің үдесінен шықтық. Біз бүгін  шикізат секторының табысын болашақ экономиканы  құру үшін пайдаланудамыз.

Елдің ІЖӨ-де мұнай-газ саласы  үлесінің тұрақты өсу қарқыны байқалады, ол 1997 жылғы 3,7%-дан   2006  жылы  14,7%-ға және 2011 жылы   25,8%-ға өсті.

Біз өткізу нарықтарын әртараптандырып, өз позицияларымызды берік орнықтырдық, сол арқылы өнімімізді өткізудің бір бағытқа тәуелділігін азайттық.

(6) ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, ӘСІРЕСЕ, КӨЛІК ПЕН БАЙЛАНЫС. Біз инфрақұрылымды дамыту міндетін алға қойдық. Біз  мұны да еңсердік. Өткен жылдар ішінде  өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы мен тыныс-тіршілік инфрақұрылымының ірі стратегиялық объектілері іске қосылды. Бұл -  автомобиль және темір жол магистральдары, құбыр жолдары, логистикалық орталықтар, терминалдар, әуежайлар, вокзалдар, порттар және т.б.

Осының барлығы көптеген қазақстандықтарға жұмыс тауып берді, біз өңірлік және жаһандық шаруашылық байланыстар жүйесіне кіріктік.

Жыл сайын телекоммуникация тұтынушыларының саны өсе түсуде. Бұл стационарлық телефондарға да, ұтқыр байланысқа да, Интернетке де қатысты.

Электронды үкімет азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын едәуір жеңілдетті.

Соңғы 11 жылда автомобиль жолдары саласын дамытуға 1 263,1 млрд. теңге жұмсалды. Осы жылдар ішінде  ортақ пайдаланудағы 48мың шақырымнан астам жол, сондай-ақ 1100 шақырым темір жол салынды және реконструкцияланды.

Қазіргі уақытта біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральдық көлік дәлізін салып, Жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз.

Біз «Өзен – Түркіменстан шекарасы» темір жол желісін салып, Парсы шығанағы мен Үлкен Шығыс елдеріне жол аштық. «Қорғас-Жетіген» жолын төсеп, Қытайдың және күллі Азия құрлығының нарықтарына еніп, Шығыс қақпасын айқара аштық. Біз «Жезқазған-Бейнеу» теміржолын салуды бастадық.

(7) КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТ. Біз әкімшілік-әміршілдік жүйенің басқару дәстүрлерінен түбегейлі бас тартып, басқарушылардың заманауи әрі тиімді корпусын құруға тиіспіз. Барлық азаматтар тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болатын, кадрларды іріктеу мен жоғарылатудың біз жасаған жүйесі мемлекеттік аппарат қызметінің кәсібилігі мен ашықтығының барынша жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

Біз мемлекеттік басқаруда өзіндік тұрғыда төңкеріс жасауға қол жеткіздік, оны халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға қайта бағдарладық.

Осылайша 2030 Стратегиясында белгіленген негізгі міндеттер орындалды, қалғандары орындалу үстінде.

***

Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз «2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты» деп айта аламыз. Бұл – біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі.

Біз өз жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөленеміз.

Әлемдік дағдарыс біздің мемлекет пен қоғам ретінде орныққанымызды растады. Біздің шекарамыз, саяси жүйеміз, экономикалық үлгіміз ел ішінде де, одан сыртқары жерде де ендігі жерде елеулі келіспеушіліктер мен талас-тартыстардың өзегіне айналмайды.

Енді біздің алдымызда жаңа міндет тұр. Біз мемлекетіміздің ұзақ мерзімді кезеңге бағдарланған одан әрі даму векторын күшейтуге тиіспіз.

 

ІІ. ХХІ ҒАСЫРДЫҢ ОН ЖАҺАНДЫҚ СЫН-ҚАТЕРІ

 

Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-тегеуріндермен бетпе-бет келуде.

Еліміз бен өңіріміз үшін мен он негізгі сын-қатерді бөліп көрсетемін. Егер біз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, олардың әрқайсысын міндетті түрде ескеруге тиіспіз.

Бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі.

Тарихи уақыт аса жеделдей түсуде. Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерістердің жылдамдығы адамды таң қалдырады.

Соңғы 60 жылда Жер  тұрғындарының саны үш есе көбейді, ол 2050 жылға қарай 9 млрд. адамға жетеді. Осы кезең ішінде әлемдік ішкі жалпы өнім 11 есе өсті.

Бүкіл әлемдік тарихи процестің жеделдеуі қай кезде де мемлекеттер алдында жаңа шектеусіз мүмкіндіктер ашады, ал оларды толығымен пайдаланғанымызды мен мақтан тұтамын.

Соңғы 20 жылдан астам уақытта біз қоғам өмірінің барлық салаларына өте жоғары қарқынмен жаңғырту жүргіздік. Көптеген басқа елдерге 100, тіпті 150 жыл керек болған нәрселерді атқардық.

Дегенмен осы уақытқа дейін жалпы жаңғырту үдерісіне кірікпеген әлеуметтік топтар бар. Оның объективті себептері де бар. Қоғамда адамдардың моральдық жай-күйі мен қоғамдық аңсар-үмітіне әсер ететін бірқатар теңгерімсіздік әлі де орын алуда.

Біз осы теңгерімсіздікті жойып, қоғамның барлық жіктеріне қоғамдық жаңғырту процесіне кірігу мүмкіндігін беруіміз керек. Олар қоғамда өзінің лайықты орнын тауып, Жаңа саяси бағыт ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға тиіс.

Екінші сын-қатер – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік.

Жаһандық демографиялық теңгерімсіздік күн өткен сайын күшейе түсуде. Жалпыәлемдік тренд – адамзаттың қартаюы. Енді 40 жылдан кейін алпыс жастан асқан адамдардың саны 15-ке толмағандардан асып түседі. Туудың азаюы және адамзаттың қартаюы көптеген елдерде еңбек нарығындағы проблемаларға, атап айтқанда, еңбек ресурстарының жетіспеушілігіне сөзсіз әкеледі.

Шиеленісе түскен демографиялық теңгерімсіздік жаңа көші-қон толқындарын туғызып, күллі әлемде әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі.

Біз Қазақстанда заңсыз еңбек мигранттары жергілікті еңбек нарықтарын тұрақсыздыққа әкелген елдің жекелеген өңірлеріндегі көші-қон қысымымен бетпе-бет келіп отырмыз.

Біз таяу болашақта кері процеспен – елдің шегінен  тыс жерлерден бізге келетін еңбек иммиграциясымен бетпе-бет келуіміз әбден мүмкін екенін түсінуге тиіспіз.

Біз жас ұлтпыз. Еліміздегі орташа жас – 35. Бұл біздің адамдық әлеуетімізді сақтауға, әлемде өзіміздің дұрыс орнығуымызға зор мүмкіндік береді. Бүгінгі күні алға жылжуға бізде жақсы негіз бар.

Елімізде әрбір іздеген адам табуына болатын жұмыс бар. Оның үстіне біздің әрқайсымыздың өзіміз жұмыс істеп, өзімізді асырауға мүмкіндігіміз бар. Бұл - біздің үлкен жетістігіміз.

Мен сіздерді жалпыға ортақ еңбек қоғамына бастап келемін, онда жұмыссыздар жай ғана жәрдемақы алушылар емес, олар жаңа кәсіптерді меңгеретін болады, мүгедектер жасампаздық қызметпен белсенді түрде айналыса алады, ал корпорациялар мен компаниялар олардың еңбегі үшін лайықты жағдай жасай алады.

Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек.

Үшінші сын-қатер  жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер.

Әлемдік халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлік проблемасын күрт шиеленістіріп отыр.

Бүгіннің өзінде әлемде миллиондаған адам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетіспеушілігін бастан кешіруде. Тамақ өнімдерін өндіруде революциялық өзгерістер жасамаса, осынау үрейлі цифрлар тек өсе түспек.

Біз үшін бұл сын-қатер астарында орасан зор мүмкіндіктер бар.

Біз қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына ендік. Бізде аса ірі экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара аламыз.

Ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде сапалы секіріс жасау толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшін бізге жаңа тұрпаттағы мемлекеттік ой-сана қажет болады.    

Төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы.

Әлемдік су ресурстары да қатты қысым көріп отыр.

Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есе өсті. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген елдер суды сырттан алдыруға мәжбүр болады.

Су – барынша шектеулі ресурс және оның көздерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себептерінің бірі ретінде, қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналып отыр.

Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда.

Бұл проблеманың геосаяси астары да жоқ емес. Қазірдің өзінде біз трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Аталған мәселенің күрделілігіне қарамастан, біз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз.    

Бесінші сын-қатер– жаһандық энергетикалық қауіпсіздік.

Барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда.

2050 жылға қарай алғанның өзінде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 %-на дейін өндіруге мүмкіндік береді.

Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр.

Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады.

Мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорларын иеленетін біздің еліміз өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтін болады.

Алтыншы сын-қатер – табиғи ресурстардың сарқылуы.

Жердің табиғи ресурстарының шектеулілігі, түгесілуі жағдайында адамзат тарихындағы теңдесі жоқ тұтынудың өсуі әр бағыттағы, келеңсіз де, оң да үдерістерді үдете түседі.

Біздің еліміз бірқатар артықшылықтарға ие. Жаратқан бізге көп табиғи байлық сыйлаған. Басқа елдер мен халықтарға біздің ресурстарымыз қажет болады.

Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің принципті маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек.

Жетінші сын-қатер – Үшінші индустриялық революция.

Адамзат Үшінші индустриялық революция табалдырығында тұр, ол өндіріс ұғымының өзін өзгертеді. Технологиялық жаңалықтарәлемдік нарықтың құрылымы мен қажеттіліктерін түбегейлі өзгертеді. Біз бұрынғыға қарағанда мүлде өзгеше технологиялық болмыста өмір сүріп жатырмыз.

Цифрлық және нанотехнология, регенеративтік медицина және басқа да көптеген ғылыми жетістіктер қоршаған ортаны ғана емес, адамның өзін трансформациялап,  күнделікті ақиқатқа айналады.

Біз осынау үдерістердің белсенді қатысушылары болуға тиіспіз.

Сегізінші сын-қатер  үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық.

Қазіргі уақытта ең үлкен әлемдік проблемалардың бірі – күшейе түскен әлеуметтік тұрақсыздық. Оның негізгі себебі – әлеуметтік теңсіздік.

Бүгінде әлемде екі жүз миллионға жуық адам жұмыс таба алмай отыр. Еуропалық Одақтың өзінде жұмыссыздық соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейге жетіп, көптеген жаппай тәртіпсіздіктерге түрткі болып отыр.

Мұның жанында Қазақстандағы ахуал біршама қолайлы болып отырғанын мойындау керек. Бүгінде біз бүкіл жаңа тарихымыз ішіндегі жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейіндеміз. Бұл, сөз жоқ, үлкен жетістік. Солай бола тұра, біз масаттануға тиіс емеспіз.

Әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсіз қысым көрсетіп, біздің төзімімізді сынаққа алатын болады.

 Сондықтан күн тәртібіне әлеуметтік қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі қойылады. Біз үшін маңызды міндет –қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту.

Тоғызыншы сын-қатер – өркениетіміз құндылықтарының дағдарысы.

Әлем ауыр дүниетанымдық және құндылық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақыры, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі. Жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай отырып, біз үшін осынау кертартпа көзқарастан тартынуымыздың принципті маңызы бар. Өз тәжірибемізден білетініміз, біздің «осал тұсымыз» деп атаған көпэтностылығымыз бен көпконфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық.

Біз мәдениеттер мен діндердің қатар өмір сүруі жағдайында өмір сүріп үйренуіміз керек. Біз мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейілді болуға тиіспіз.

Тек басқа ұлттармен жарастықта ғана біздің еліміз болашақта табыс пен ықпалға қол жеткізе алады. ХХІ ғасырда Қазақстан өзінің өңірлік көшбасшылық ұстанымын нығайтып, Шығыс пен Батыстың үндестігі мен өзара іс-қимылы үшін көпір болуға тиіс.

Оныншы сын-қатер –әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупі.

Әлемде не болып жатқанын біздің бәріміз көріп отырмыз. Бұл дағдарыстың жаңа толқыны емес, әлемдік экономика әлі еңсере алмай отырған 2007-2009 жылдардағы дағдарыстың жалғасы.

Жаһандық экономикалық жүйе 2013-2014 жылдардың өзінде елеулі іркіліске ұшыратып, атап айтқанда, шикізатқа әлемдік бағаның құлдырауын туғызуы мүмкін. Біз үшін мұндай көрініс аса тиімді бола қоймайды.

ЕО мен АҚШ-тағы ықтимал рецессия дамыған елдердің шикізат ресурстарына қажеттілігін төмендетуге әкелуі мүмкін.

Еуроодақтағы жоқ дегенде бір мемлекеттің ықтимал дефолты «домино әсерін» тудырып, біздің халықаралық резервтеріміздің сақталуы мен экспорттық өнім беруіміздің тұрақтылығына күмән туғызуы мүмкін.

Валюталық резервтердің қысқаруы валюталық бағамдар  мен инфляцияның қысымын күшейтіп, бұл қайтадан әлеуметтік-экономикалық ахуалға кері әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты біз халықаралық ахуал дамуының кез келген көрінісіне жан-жақты дайын болу үшін биліктің барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдауға тиіспіз.

 

ІІІ. "Қазақстан-2050" Стратегиясы -  тым құбылмалы тарихи жағдайдағы

жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағыт

 

Құрметті қазақстандықтар!

Қымбатты отандастар!

 

1. Біз шешуге тиісті міндеттер парадигмасы  сапалық тұрғыдан өзгерді.

        

Жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ендігі жерде 2030 Стратегиясының аясы жеткілікті емес. Біз жоспарлау көкжиегінкеңейтіп, 15 жыл бұрынғыдай кезекті дүниетанымдық серпіліс жасауымыз керек.

Біріншіден, Қазақстан - қазіргі заманғы мемлекет. Біздің мемлекетіміз кемелдікке жетті. Сондықтан да бүгінгі күн тәртібі мемлекеттің қалыптасуы кезеңіндегіден өзгеше.

Дүниеде болып жатқан өзгерістердің сипаты мен тереңдігі, жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Көптеген елдер қазірдің өзінде 2030-2050 жылдардың арғы жағына көз жіберуге тырысады. «Басқарылатын болжамдау» қазіргі тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының маңызды тетігіне айналуда.

Екіншіден, «Қазақстан-2030» Стратегиясы біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңі үшін жасалған болатын. Өзінің базалық өлшемі бойынша ол орындалды.

Үшіншіден, біз жаңа шындық тудырған сынақтар мен қауіп-қатерлерге кезігіп отырмыз. Олар жалпылық сипат алып, барлық елдер мен өңірлерге әсерін тигізуде.

Біз «Қазақстан-2030» Стратегиясын тұжырымдаған кезде нәтижесінде жаңа, мүлдем күтпеген, экономикалық және геосаяси жағдаяттар туындайтын, өз көлемі жағынан теңдесі жоқ әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс төнеді деп ешкім күтпеген еді.

2030 стратегиясы 1997 жылы ашық құжат ретінде жасалды. Біз  о бастан-ақ оған түзетулер енгізу мүмкіндігін ескердік.

Әлемдегі жағдай өзгеретінін және өмір өз түзетулерін енгізуі мүмкін екенін түсіне отырып, менің тапсырмам бойынша жаңа жағдайдағы біздің орнымыз бен біздің мүмкіндіктерімізді ой елегінен өткізе отырып жұмыс істейтін жұмыс тобы құрылды.

Олардың талдау жұмыстарын ескере отырып, мен ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын жасауды ұсынамын, оның ішінде 2030 Стратегиясының міндеттерін орындау жалғасын табатын болады. Уақыт пен жағдай 2030 бағдарламасы сияқты біздің жоспарларымызға түзетулерін енгізетінін нақты түйсінуіміз керек.

2050 жыл - жай бейнелі дата емес.

Бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім.

БҰҰ-да 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленді.

2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады.

Қазір елдердің дені  осындай ұзақ мерзімді стратегиялар әзірлеп, қабылдауда. Қытай өзі үшін дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегін айқындап алды.

Ірі трансұлттық компаниялардың өзі алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеуде.

Он бес жыл бұрын, 2030 Стратегиясы қабылданғанда біздің жаңа мемлекетімізде дүниеге келген қазақстандықтардың жаңа буыны енді ғана мектепке баруға даярланып жатты.

Бүгінде олар еңбек етуде немесе жоғары оқу орындарын аяқтауда.

Енді екі-үш жылдан соң Тәуелсіздіктің екінші буыны дүниеге келе бастайды.

Сондықтан қазірдің өзінде оларға дұрыс бағдар нұсқау туралы ойланғанның маңызы зор.

Біздің басты мақсатымыз 2050 жылға қарай Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру.

Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс.

Біздің жетістіктеріміз бен қазақстандық даму үлгісі Жаңа саяси бағыттың негізі болуға тиіс.

"Қазақстан-2050" Стратегиясы – "Қазақстан-2030" Стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы«Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап осы. Жас ұрпақтың нақ осыған мүдделі екеніне сенімдімін.

Осыған орай,  ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын. Бұл менің Қазақстан халқына жолдауым болады.

***

2. Біз қайда бара жатырмыз?

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс.

Дамушы елдер арасында осы клубтағы орынға бәсекелестік қатал болмақ. Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс.      Біз бірінші дәрежедегі мынадай мақсаттарымызды назардан шығармастан, нысаналы әрі шабытты жұмыс істеуіміз керек:

  • Мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту.
  • Экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу.
  • Ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету.
  • Жаңа әлеуметтік үлгіні қалыптастыру.
  •  Білім беру мен денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру.
  • Мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін, тиімділігі мен функционалдығын арттыру.
  • Халықаралық және қорғаныс саясатының жаңа сын-қатерлеріне парапар саясат құру.

Бүгін, сонымен қатар, мен 2050 жаңа саяси бағыттың табысты басталуын қамтамасыз ететін 2013 жылғы бірінші кезектегі міндеттерді атағалы отырмын.

Осы міндеттерге сәйкес Үкімет шұғыл түрде 2013 жылғы жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеуі тиіс.

Осынау аса маңызды құжат нақты тапсырмаларды қамтуы және биліктің атқарушы, заң шығарушы және сот тармақтарыбасшыларының дербес жауапкершілігін көздеуі тиіс. Президент Әкімшілігі оны дайындау және кейіннен іске асыру барысын ерекше бақылауға алуға тиіс.

Енді мен "Қазақстан 2050" Стратегиясының негізгі бағыттары туралы өз пайымдауымды алға тартқым келеді.

 

1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

 

1. ТҮГЕЛ ҚАМТИТЫН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПРАГМАТИЗМ

Жаңа бағыт экономикалық саясатының мәні – түгел қамтитын экономикалық прагматизм, шын мәнінде бұл біздің бүгінгі көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбегейлі өзгерту.

Бұл нені білдіреді?

Бірінші. Экономикалық және басқару шешімдерін түгелдей экономикалық мақсаттылық және ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысында қабылдау.

Екінші. Қазақстан толыққанды бизнес-серіктестік ретінде қатыса алатын жаңа нарықтық тауашаларды айқындау. Экономикалық дамудың жаңа тіректерін құру.

Үшінші. Экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал құру. Инвестициядан алынатын кірістілік пен қайтарым.

Төртінші. Экономиканың тиімді жеке секторын құру және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту. Экспортты мемлекеттік ынталандыру.

Жаңа кадр саясаты

Жаңа экономикалық саясат табыстылығының басты шарты кадрлар арқылы нығайтылуға тиіс. Бұл үшін біз:

  •  Басқарушылық ресурсын жетілдіруге тиіспіз әрі бұл үшін бізде резервтер бар.

Менеждменттің жаңа құралдарын және мемлекеттік сектордағы корпоративтік басқарудың қағидаларын енгізу қажет.

  •  Мұнымен бір мезгілде халықаралық еңбек бөлінісінен пайдалы жағын алуымыз, атап айтқанда, біздің жаңа бағытымыздың бірқатар міндеттерін іске асыру үшін аутсорсинг бағдарламалары арқылы сыртқы кадр ресурстарын тартуымыз керек. Біз сонымен қатар ашық нарықтағы ең үздік шетел мамандарын тартуға және оларды елімізге жұмысқа шақыруға тиіспіз.

Кең көлемді халықаралық тәжірибесі бар әрі білімді басқару кадрларды пайдалану екі бірдей нәтиже береді: біз өндірісіміздің менеджментін жаңғыртумен қатар, өзіміздің отандық кадрларымызды үйретеміз. Бұл - біз үшін жаңа тәжірибе.

 

2050 жылға дейін кезең-кезеңмен мынадай міндеттерді шешу принципті маңызды:

Біріншіден, мемлекеттің макроэкономикалық саясаты жаңғыртылуы тиіс.

Бюджет саясаты

  •  Біз бюджет саясатының жаңа принциптерімен қарулануға - өз мүмкіндіктеріміз шегінде ғана шығындануға және тапшылықты барынша мүмкіндікте қысқартуға тиіспіз. Ұзақ мерзімде олардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, «қиын-қыстау» күнге резервтер жинау қажет.
  • Бюджеттік-қаржылық процеске деген көзқарас жекелей салымдарға көзқарас секілді ұқыпты да ойластырылған болуға тиіс. Басқаша айтқанда, бірде-бір бюджеттік теңге ысырап болмауға тиіс.
  • Мемлекет бюджеті ұзақ мерзімді перспектива тұрғысынан қарағанда өнімді, мәселен, экономиканы әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту секілді жалпыұлттық жобаларға бағытталуы тиіс.

Инвестициялар үшін объектілерді олардың мақсаттылығы және қайтарымдылығы тұрғысынан қатаң іріктеу қажет. Ең заманауи объектілердің өзі оларды ұстап тұру үшін шығыстарды талап етіп, бірақ кірістер әкелмейтін болса және ел азаматтарының проблемаларын шешпейтін болса, бюджетке масыл боларын есте сақтаған жөн.

Салық саясаты

  •  Өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу объектілері үшін қолайлы салық режімін енгізу қажет. Қазір бұл жұмыс басталды. Оны жетілдіру мақсатын қоямын. Барлық қолданыстағы салық жеңілдіктеріне ревизия жүргізіп, оларды мейілінше тиімді ету керек.
  • Біз салық әкімшілігін ырықтандыру және кеден әкімшілігін жүйелендіру саясатын жалғастыруға тиіспіз. Салық есептілігін жеңілдетіп әрі мейлінше азайту қажет.

Біз нарық қатысушыларын салықтан жалтару жолдарын іздеуге емес, бәсекелестікке ынталандыруымыз қажет.

  • Салықтық қадағалауды прагматикалық азайту шаруашылық субъектілерінің салық қызметімен диалогын азайтуға тиіс. Алдағы бес жылда бәріміз онлайн-электрондық есептілік режіміне көшуіміз керек.
  • 2020 жылдан бастап біз салықтық несиелендіру практикасын енгізуіміз керек. Басты міндет – кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін ынталандыру.
  • Жаңа салық саясаты әлеуметтік бағыт алуға тиіс. Бұл үшін 2015 жылдан бастап ынталандыру шаралары кешенін, соның ішінде білім беруге, өзін, өз отбасын, қызметкерлерін медициналық сақтандыруға қаражат салатын азаматтар мен компанияларды салықтан босату практикасын көздейтін ынталандыру кешенін әзірлеу қажет.

Осылайша, бизнес деңгейіндегі болашақ салық саясаты ішкі өсімді ынталандыруы және сыртқы нарықтарға отандық экспортты, ал азаматтар деңгейінде олардың қорларын, жинақтарын және салымдарын ынталандыруға тиіс.

Ақша-кредит саясаты

  •  Әлемдік экономикадағы қолайсыз ахуалды ескере отырып, біз инфляциядан әрбір қазақстандықтың кірістерін қорғауды қамтамасыз ететін және экономикалық өсім үшін лайықты деңгейін ұстап тұратын боламыз. Бұл жай ғана макроэкономикалық мәселе емес, бұл елдің әлеуметтік қауіпсіздігінің мәселесі. Және де бұл – 2013 жылдың өзінен бастап Ұлттық Банк пен Үкімет жұмысының басты мәселесі.
  • Қазақстандық банктер өз кезегінде өзінің мақсатын орындауға және нақты экономика секторының кредиттік ресурстарға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте қаржылық жүйеге бақылауды әлсіретуге болмайды, банктерді проблемалық кредиттерден тазарту және қорландыру мәселелерімен тығыз айналысу қажет.

Бұл үшін Ұлттық Банк пен Үкіметке Президент Әкімшілігінің үйлестіруімен экономиканы қажетті ақша ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған түбегейлі ақша-кредит саясатының жаңа жүйесін әзірлеу қажет болады. 

Мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты

  •  Біз елдің мемлекеттік қарызының деңгейін тұрақты бақылауда ұстауға тиіспіз.
  • ІЖӨ-ге қатысты бюджет тапшылығын 2013 жылғы 2,1%-дан 2015 жылы 1,5%-ға дейін төмендету керек.

Мемлекеттік қарыз аз мөлшерлі деңгейде қалуға тиіс. Бұл қағидатты міндет, өйткені, біз әлемдік тұрақсыздық жағдайында бюджетіміздің тұрақтылығын және ұлттық қауіпсіздігімізді тек осылай ғана қамтамасыз ете аламыз.

  •  Экономиканың квазимемлекеттік секторы борышының деңгейін қатаң бақылау қажет.

Екіншіден, біздің инфрақұрылымды дамытуға деген қағидатты түрде жаңа көзқарасымыз болуға тиіс.        

Инфрақұрылым экономикалық өсімнің мүмкіндіктерін кеңейтуге тиіс.

Инфрақұрылымды екі бағытта дамыту: ұлттық экономиканы жаһандық ортаға кіріктіру, сонымен қатар, ел ішінде өңірлерге қарай қадам жасау қажет.

  •  Өз пайдамызды мұқият есептей отырып, Қазақстанның шегінен тыс өндірістік көліктік-логистикалық объектілер құру үшін, елден сыртқа шығуға назар тіктеудің маңызы зор. Біз қазіргі түсініктерімізден арылыпөңірде және барша әлемде – Еуропада, Азияда, Америкада, мысалы, теңізге тікелей шыға алатын елдердің порттары, әлемнің тораптық транзиттік нүктелеріндегі және тағы басқа, көліктік-логистикалық хабтар секілді қазіргі заманғы кәсіпорындар құруға тиіспіз. Осы мақсатта «Жаһандық инфрақұрылымдық интеграция» арнайы бағдарламасын әзірлеу қажет болады.
  • Біз өз транзиттік әлеуетімізді дамытуға тиіспіз. Бүгінде нәтижесінде 2020 жылы Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау екіесеге ұлғаюы тиіс болатын бірқатар ірі жалпыұлттық инфрақұрылымдық жобалар іске асуда. 2050 жылға қарай – бұл цифр он есе ұлғаюға тиіс.
  • Осының бәрі басты мақсатқа – экспортымызды тек біздің өніміміз бен қызметтерімізге деген ұзақ мерзімді сұраныс болатын әлемдік нарықтарға қарай жылжытуға бағынуға тиіс.
  • Инфрақұрылым жасау, сонымен қатар, табыстылық заңына бағынуға тиіс. Жаңа бизнестерді дамытуға және жұмыс орындарын ашуға бастайтын жерде ғана құрылыс жүргізу қажет.
  • Шалғай өңірлерді немесе тұрғындарының тығыздылығы жеткілікті емес өңірлерді өмірлік маңызды және экономикалық қажет инфрақұрылым объектілерімен қамту үшін біз «инфрақұрылымдық орталықтар» құруға тиіспіз. Бұл үшін көлік жүйесінің озыңқы инфрақұрылымын құруды қамтамасыз ету қажет.
  • Үкіметке 2013 жылы Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, қабылдауды тапсырамын.

Үшіншіден, мемлекеттік активтерді басқару жүйесін жаңғырту.

Қазақстан - әлемдік ауқымда көлемі шағын экономика. Сондықтан оны өте тиімді басқару қажет. Ел біртұтас корпорация секілді жұмыс істеуі тиіс, ал мемлекет оның өзегі болуға тиіс.

Корпоративтік ойдың қуаты барлық процестердің біртұтас алып қаралуында жатыр. Барлық деңгейдегі мемлекеттік басқарушылар осындай бизнес-пайымға үйренуге тиіс.

Қайталап айтамын: елдің бюджетін жай бөліп қана қоймай, ойлы да салмақты инвестициялау қажет.

Тиімділіктің басты өлшемі – біздің салымдарымыздан түсетін қайтарым деңгейі. Елдің өндірістік әлеуетін қаншалықты еселей алсақ, Қазақстан халықаралық нарықта қосалқы емес, солғұрлым тезірек әлеуетті ойыншыға айналады.

  •  Ұлттық қор жаңа экономикалық саясатқа көшудің «локомотиві» болуға тиіс. Ұлттық қордың қаражатын бірінші кезекте ұзақ мерзімдік стратегиялық жобаларға бағыттау керек. 2013 жылы Ұлттық қорда қаражат жинақтау жалғасуы тиіс, бірақ бұл қаражатты мейілінше тиімді де ойластырып пайдалану керек.
  • Мемлекет Үшінші индустриалдық революция нәтижесінде пайда болатын секторларды ескере отырып, ұлттық компаниялар арқылы болашақтың экономикасын дамытуды ынталандыруы тиіс. Ұлттық индустрия біз өз елімізде өндіруге тиіс ең жаңа композиттік материалдарды тұтынуы керек.
  • Мемлекет ақпараттық технологиялар саласында транзиттік әлеуетті дамытуды ынталандыруы тиіс. 2030 жылға қарай Қазақстан арқылы біз әлемдік ақпараттық ағындардың кем дегенде 2-3%-ын өткізуге тиіспіз. 2050 жылға қарай бұл цифр кем дегенде екі еселенуге тиіс.
  • Сонымен қатар, жеке компаниялардың өз қаражатын зерттеулер мен инновацияларға салуын ынталандыру керек. Мына нәрсені баса айтқым келеді: инновацияларды енгізудің маңызы зор, бірақ бұл басты нысана емес. Біздің жаңа технологиялар сұранысқа ие болғанда, олар нарықта қажет болғанда ғана ел нақты пайда алатын болады. Олай болмаған күнде инновация – ақшаны босқа шығындау деген сөз.
  • Жекелеген компаниялар мен салаларды іріктеп қолдау тәжірибесін тоқтату керек. Біз әлеуметтік-маңызды стратегиялық функцияларды атқаратын және өзінің тиімділігін дәлелдейтін салаларды ғана қолдауға тиіспіз.

Төртіншіден, табиғи ресурстарды басқарудың түбегейлі жаңа жүйесін енгізу қажет.

Біз ресурстарды экономикалық өсуді, ауқымды сыртқы саяси және сыртқы экономикалық уағдаластықтарды қамтамасыз ету үшін Қазақстанның маңызды стратегиялық артықшылығы ретінде пайдалануға тиіспіз.

  • Қазірдің өзінде шикізаттың жаңа қаржылық күйреу жағдайында тұрақсыздандыруға ұшырайтын халықаралық нарықтарға шығуын барынша жеделдету қажет. Біздің негізгі импорттаушыларымыз шикізат сатып алуды елеулі қысқартуы, ал баға күрт төмендеуі мүмкін. Ал біздің озыңқы стратегиямыз кейіннен елге ықтимал жаһандық дағдарыс кезеңінен аман өтуге көмектесетін қаражатты нарықтардың тұрақсыздануы басталғанға дейін өте тез жинақтауға мүмкіндік береді.
  • Технологиялық революция шикізат тұтыну құрылымын өзгертеді. Мысалы, композиттер технологиясын және бетонның жаңа түрлерін енгізу темір кені мен көмірдің қорларын құнсыздандырады.

Бұл – қазіргі жоғары әлемдік сұранысты елдің мүддесіне пайдалану үшін табиғи ресурстарды өндіру мен әлемдік нарыққа жеткізу қарқынын арттырудың тағы бір факторы.

  • Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. 2050 жылға қарай елде энергияның  баламалы және жаңғыртылатын түрлерін қоса алғандағы  барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысы келуге тиіс.

***

Егер ұлтымыз шикізат ресурстарынан түсетін кірістерді 35 жылдан кейін пайдаланғысы келсе, бұған бүгіннен бастап дайындалу керек. Бізге арнайы стратегия әзірлеу – барлық ірі корпорациялар мен концерндер тәжірибесіндей алда тұрған барлық жылдарға барша жұмысты бөліп жоспарлау үшін басымдықтарды, серіктестерді айқындап алу қажет.

Бұл – біздің төл тарихымыздың басты сабағы: Қашаған бойынша келіссөздер мен дайындықты біз осыдан 20 жыл бұрын дерлік бастадық, ал нәтижесін тек қазір ғана алуға кірістік.

Стратегияны әзірлеудің негізгі бағыттары:

  • Өңірлер инвестициялар тартуға мүдделі болуы үшін жер қойнауын пайдалануға мораторийді жою қажет.
  • Біз жай ғана шикізат беруден энергия ресурстарын қайта өңдеу мен аса жаңа технологиялармен алмасу саласындағы ынтымақтастыққа көшуге тиіспіз. 2025 жылға қарай біз өз нарығымызды жаңа экологиялылық стандарттарына сай жанар-жағармай материалдармен толықтай қамтамасыз етуге тиіспіз.
  • Біз инвесторларды елімізге ең заманауи өндіру және қайта өңдеу технологияларын беру шартымен ғана тартуға тиіспіз. Біз инвесторларға еліміздің аумағында ең жаңа өндірістер құратын болса ғана шикізаттарымызды өндіру мен пайдалануға рұқсат беруге тиіспіз.
  • Қазақстан инвестиция үшін өңірлік тартылыс күші болуы тиіс. Біздің еліміз инвестиция үшін және технологиялар трансферті үшін Еуразиядағы ең тартымды болуға тиіс. Мұның принципті маңызы  бар. Біз инвесторларға қолда бар артықшылықтарымызды көрсетуге тиіспіз.
  • Барлық өндіруші кәсіпорындар тек экологиялық зиянсыз өндірісті енгізуге тиіс.

Құрметті отандастар!

Ұлт болашағы мен мемлекет қауіпсіздігі мүддесінде көмірсутегі шикізатының стратегиялық «резервін» құру керек. Стратегиялық резерв ел энергетикалық қауіпсіздігінің іргетасы болады. Осылайша біз ықтимал экономикалық сілкіністер жағдайына тағы бір қорғаныс шебін құрамыз.

***

 Бесіншіденбізге индустрияландырудың келесі фазасының жоспары қажет.

Екі жылдан кейін үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасын іске асырудың бірінші бесжылдығы аяқталады.

Үкімет индустрияландыру бағдарламасының келесі фазасының егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуі тиіс. Перспективалық технологиялық бағыттарды дамытудың сценарийі қажет.

Нәтижесінде, экспорттың жалпы көлеміндегі шикізаттық емес экспорттың  үлесі 2025 жылға қарай екі есеге, ал 2040 жылға қарай үш есеге ұлғаюы тиіс.

Бұл үшін не істеу қажет?

  • 2050 жылға қарай Қазақстан өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуытиіс.

Бәсекеге ең қабілетті салаларда  біз отандық өндірушілер үшін жаңа нарықтық тауашалар қалыптастыру стратегиясын белсенді әзірлеуге тиіспіз. Бұл, әсіресе, ДСҰ-ға кіру перспективаларын ескере отырып, кері индустрияландырудың ықтимал ыдыратушы әсерлерінболдырмауға мүмкіндік береді.

Отандық тауарлар бәсекеге қабілетті болуы тиіс. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің қатысуымен Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың іс жүзіндегі кезеңі басталды.

Жиынтық ІЖӨ-сі 2 трлн. АҚШ доллары болатын, 170 млн. тұтынушыны біріктіретін осынау ауқымды нарық біздің бизнесті бәсекеге қабілеттілікке үйретуі тиіс. Бұл ретте осынау экономикалық-интеграциялық үдерісте Қазақстан өз егемендігінің бір мысқалын да жоғалтпайды.

  • Біз экспортқа бағытталған шикізаттық емес секторды кеңейтуге негізделген жаңа өндірісті дамытуға тиіспіз.
  • Біз Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын өнеркәсіптік қуаттарды импорттауға және технологиялар алмасуға бағыттауға тиіспіз. Бұл үшін бізге бірлескен халықаралық компаниялар мен ел үшін пайдалы серіктестіктер құру мен дамытудың кіші бағдарламасы қажет.
  • 2030 жылға қарай Қазақстан ғарыш қызметтерінің әлемдік нарығындағы өз тауашасын кеңейтіп, басталған бірқатар жобаларды қисынды аяқтауға дейін жеткізуге тиіс. Мен Астанадағы ғарыштық аппараттар құрастыру-сынақтан өткізу кешенін, қашықтан зондтау ғарыштық жүйесін, ғарыштық мониторинг пен жердегі инфрақұрылымның ұлттық жүйесін және жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесін айтып отырмын.
  • Екі жетекші инновациялық кластерді – Назарбаев Университетін және Инновациялық технологиялар паркін дамытуды жалғастыру керек. Бізге төменкөміртекті экономикаға жедел көшу қажет.

2013 жылы «жасыл көпір» халықаралық ұйымын құруды, сонымен қатар, Алматының маңындағы төрт серіктес қалада Green4 жобасын іске асыруды бастауды ұсынамын.

Елдің дамудың «жасыл» жолына көшуіне Астанадағы алда тұрған ЭКСПО-2017 қуатты серпіліс беруі тиіс. Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылатын болады.

Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған  «болашақтың энергиясын» өз көзімен көре алады.

***

Қазір мен еліміздің Үшінші индустриялық революцияға дайындығының шарты болып табылатын ең принципті мәселелердіатадым.

Алтыншыдан, ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажет.

Әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін бізге мыналар қажет:

  • Егістік алаңын ұлғайту. Мұндай мүмкіндік барлық елдерде бірдей жоқ екенін атап өтемін.
  • Егістік түсімін, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажет.
  • Біз әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы жемшөп базасын құру үшін үлкен әлеуетке иеміз.
  • Біз экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын.

Ауылшаруашылық қайта өңдеуде және саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті  дамыту.

Бұл – өзекті міндет. Бұл арада бізге:

  • Жер өңдеу мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді  жаңғыртуымыз қажет.
  • Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек.

Алынған шаралардың нәтижесі 2050 жылға қарай ел ІЖӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы болуы тиіс.

2013 жылдың өзінде Үкіметке мыналарды тапсырамын:

  • Ел агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын әзірлеу.
  • 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың көлемін 4,5 есе арттыру.
  • Ең жаңа агротехнологияларды қолдануға бағытталған орта және ірі тауарлық ауылшаруашылық өндірістерін құру жөніндегі заңнамалық және экономикалық ынталандырулар жүйесін тұжырымдау.
  • Берілгеннен кейін белгілі бір кезеңде игеру қолға алынбаған жерлерге салық мөлшерлемелерін көтеруді енгізу.

Жетіншіден, еліміздің су ресурстарына қатысты жаңа саясат тұжырымдау қажет.

Ауыл шаруашылығы мұқтаждығы үшін бізге аса көп су көлемі қажет. Осыған байланысты біз:

  • Басқа елдердегі, мысалы, Австралиядағы сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешудің озат тәжірибесін мұқият зерделеп, оны біздің жағдайымызда пайдалануға тиіспіз.
  • Бізде елеулі қоры бар жерасты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың ең озат технологияларын енгізу қажет.
  • Агроөнеркәсіп секторында ылғал үнемдеу технологиясына кешенді түрде ауысуға тиіспіз.

Қоғамымыздағы ой-сананы түбегейлі өзгерту қажет. Біздің ең асыл табиғи байлығымыз – суды ысырап етуді тоқтатуымыз қажет.

2050 жылға қарай Қазақстан сумен қамтамасыз ету проблемасын түбегейлі шешуге тиіс.

Үкіметке дәйектілікпен, бірінші кезеңде 2020 жылға қарай – тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, 2040 жылға қарай суару проблемасын шешетін ұзақмерзімді бағдарлама жасауды  тапсырамын.

 

2. КӘСІПКЕРЛІКТІ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖЕТЕКШІ КҮШІН ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ

 

Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады.

Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс.

Біріншіден, біз адамға ол үшін мемлекет барлық проблемаларын шешіп беруін күтпей, өзін бизнесте сынап көруге, елде жасалып жатқан экономикалық өзгерістерге толыққанды қатысушыға айналуына жағдай туғызуымыз керек.

Іскерлік мәдениетінің деңгейін көтеру мен кәсіпкерлік бастаманы ынталандырудың маңызы үлкен.  

Ол үшін төмендегідей шаралар қажет:

  • Шағын және орта бизнестің бірлестіктер мен кооперацияларға ұмтылысын көтермелеу, оларды қолдау мен көтермелеудің жүйесін жасау.
  • Жергілікті бизнес-бастамаларды көтермелеу және мейлінше аз, бірақ қатаң  реттеу есебінен ішкі нарықты дамыту.
  • Бизнеске жасанды бөгеттер тудыратын мемлекеттік шенеуніктер үшін жаңа, әлдеқайда қатаң жауапкершілік жүйесін енгізуді қарастыру.
  • Жаңа жағдайларды, соның ішінде біздің Еуразиялық экономикалық кеңістікке қатысуымызды, алда Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіретінімізді ескере отырып, отандық кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру және олардың мүдделерін қорғау мен ілгерілету үшін қажетті барлық шараны қабылдау.

Бүгінгі күннің міндеті – ұсақ кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерді орта деңгейге көшіру үшін жағдай және алғышарттар қалыптастыру.

Өкінішке қарай, қазіргі уақытта шағын және орта бизнеске салық салу жүйесіндегі қиғаштықтар олардың дамуы мен өсуіне кедергі келтіруде. Сондықтан Үкімет 2013 жылдың соңына дейін заңнамаға микро, шағын, орта және ірі бизнес ұғымдарын айқын жіктеугебағытталған өзгерістер енгізсін. Бұл тұста біз шағын және орта іскерлік сегменттеріне түсетін күшті ауырлатпауға тиіспіз.

Мен Үкіметке 2013 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Қазақстан азаматтарының өмір-тіршілігі қауіпсіздігіне тікелей ықпал етпейтін барлық рұқсаттар мен лицензияларды қайтарып алып, оларды хабарландырумен ауыстыруды тапсырамын.

Заңнамалық негізде бизнеске ұсынатын тауар, жұмыс және қызмет сапасын бақылау мәселелерін өзі реттейтін жағдай тудыру қажет. Бізге тұтынушылар үшін сот шешімдерін қабылдаудың көпдеңгейлі жүйесін алып тастап, олардың құқығын қорғаудың жаңа жүйесін әзірлеп шығу керек. 

Екіншіден, Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі принципіне негізделген сенімді диалог құру үшін бизнесті топтастыруды жалғастыру керек, ол бұл жаңа стратегияны жүзеге асыруда кең ауқымды және барлық кәсіпкерлердің тартылуы міндетін шешіп береді.  

Халықаралық тәжірибені талдау көрсеткендей, кәсіпкерлердің палаталарға топтасуы – экономиканың тиімділігінің маңызды факторының бірі, осылай істелген жерлерде «мықты бизнес – мықты мемлекет» қағидасы іс жүзіне асты.

Үкімет «АТАМЕКЕН» Одағымен бірлесіп, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасына міндетті мүшеліктің тұжырымдамалық моделін әзірледі.

Аталған модель кәсіби-техникалық білім, әсіресе, ауылдық жерлер мен моноқалалардағы шағын бизнесті кешенді сервистік қолдау, сыртқы экономикалық қызмет салаларында мемлекеттік органдардың кең өкілеттіктері мен функцияларын құрылатын Кәсіпкерлердің ұлттық палатасына беруді қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Үкіметтің сенімді және білікті серіктесіне айналады.

Осыған байланысты Үкіметке тиісті заң жобасын әзірлеп, оны Парламентке келесі жылдың бірінші тоқсанында енгізуді тапсырамын.

Үшіншіден, мемлекет өзінің ролін өзгертуі тиіс. Бізге кең ауқымды жекешелендірудің екінші толқыны қажет.

Бұл оңай қадам емес, өйткені, мемлекет пен нарық арасындағы жауапкершілікті қайта бөлісуді білдіреді. Бірақ біз экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтау үшін соған баруымыз керек.

Жеке бизнес әрқашан және барлық жерде мемлекеттен гөрі тиімдірек әрекет етеді. Сондықтан біз стратегиялық емес сипаттағы кәсіпорындар мен қызметтерді жеке қолға беруге тиіспіз. Бұл – отандық кәсіпкерлікті нығайту үшін аса маңызды қадам.    

Бұл жолдағы алғашқы қадам «Халықтық ІРО» бағдарламасының сәтті басталуы болды. Бұл – ең алдымен ұлттық байлықтың халықтың қолына таратылып берілуі. «ҚазТрансОйл» компаниясы тарапынан 28 миллиард теңгені орналастыру туралы хабарланды және қазірдің өзінде тапсырыстар ұсыныстан екі есе асып кетті.

 

3. ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТТЫҢ ЖАҢА ПРИНЦИПТЕРІ  ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕР ЖӘНЕ ЖЕКЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК

 

Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі.

Біздің қоғамда уақыт сынына төтеп бере алатын жаңартылған және әлдеқайда тиімді әлеуметтік саясатқа деген сұраныс өсіп келеді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әлеуметтік саясаттың мінсіз және әмбебап үлгісі жоқ. Бұл барлық азаматтары сол әлеуметтік жүйеге қанағаттанатындай бірде-бір қоғамның жоқтығы сияқты.

Әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтардың бақуаттығы мәселелерін шешу – бұл әрбір қазақстандыққа әсер ететін қиын және өте маңызды міндет. Сондықтан бұл тұста әр қадам мұқият ойластырылған болуы тиіс.

Мен біздер басшылыққа алуға тиіс және оларды ескере отырып, әлеуметтік әділеттілік пен әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелеріне деген көзқарастарымызға түзету енгізе алатын қағидаларды өзімнің қалай пайымдайтынымды баяндап бергім келеді.

 

Әлеуметтік саясаттың жаңа қағидалары

 

Біріншіден, мемлекет, әсіресе, жаһандық дағдарыс жағдайында, азаматтарға ең төменгі әлеуметтік стандарт кепілдігін беруі тиіс.

Басты міндет – кедейшіліктің өсуіне жол бермеу.

Кедейшілік ешбір қазақстандық үшін әлеуметтік перспективаға айналмауы керек.

Біз өз азаматтарымыз үшін экономика мен бюджеттің өсіміне тікелей тәуелді болатын ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер белгілеуіміз керек.

Олар мынаны қамтуға тиіс:

  •  Ең алдымен,  тұлғаның қажеттіліктері тізімін кеңейту және оған білім беру мен денсаулық сақтау баптарын енгізу (соның ішінде, жұмыссыздар мен еңбекке қабілетсіздер үшін оларды барынша әлеуметтендіру мақсатында), саламатты тамақтану және саламатты өмір салты, зияткерлік және ақпараттық сұраныстарын өтеу, т.б.
  •  Нақты бағалар бойынша тұлғаның қажеттіліктерінің құнының есебі (тиісінше, елдегі статистиканы жетілдіру қажет).
  •  Экономиканың өсіміне байлаулы өмір сапасының стандарттарын кезең-кезеңмен сапалы арттыру.

Осы стандарттарды сақтау бүкіл әлеуметтік саланы бюджеттік қаржыландыру көлемін айқындауы тиіс. Бұл бюджеттік процестердіңашықтығын арттырады және біздер бөлетін қаражаттың атаулылығын күшейтеді. Үкіметке тиісті заң әзірлеуді тапсырамын.

Екіншіден, мемлекет әлеуметтік қолдауды тек бұған мұқтаж топтарға ғана көрсетуі тиіс.

Ол үшін не істеу керек?

  •  Мемлекет қоғамның әлеуметтік жағдайы төмен топтарына – зейнеткерлерге, мүгедектерге, еңбекке жарамсыздарға, науқас балаларға және т.б. атаулы көмек үшін толық жауапкершілік алатын болады.
  •  Ұдайы әлеуметтік және зейнетақылық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіріп отыру, ананы және баланы жан-жақты қорғау қажет.
  •  Бізде жұмыссыздарды оқыту мен қайта даярлаудың еңбек нарығына бейімделген айқын бағдарламалары болуы керек. Мемлекет жұмыссыздарға әлеуметтік қолдауды бұл санатқа жататын адам жаңа мамандық игеруіп, қайта даярлықтан өтуге бет бұрған жағдайда көрсетуі керек.  
  •  Жұмыс берушілер халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын  жұмысқа белсене тартып, оларды еңбекақымен қамтамасыз ететіндей жағдай туғызу қажеттігі маңызды. Ең алдымен, бұл мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты. Әлемнің дамыған елдерінде осылай жасайды. Біз олардың толыққанды еңбек етуіне жағдай туғызуға тиіспіз. Мемлекеттік жәрдемақыны тек шынымен нақты жұмыс істей алмайтындар ғана алуы тиіс. Жұмысқа мүгедектерді алып, оларға жағдай жасайтын компаниялар мен корпорацияларды көтермелеу керек.

Үшіншіден, біз өңірлерді дамытуда әлеуметтік теңгерімсіздік мәселелерін шешуге назар аударуға тиіспіз.

Қазіргі кезде бірқатар өңірлердің экономикалық баяу дамуы еңбекпен қамтудың қамтамасыз етілмеуіне алып келеді. Халықтың кірісінің деңгейі тербеліп тұр.

(1) Ең алдымен, мемлекеттік органдардың өңірлік даму саласындағы жұмыстарын үйлестіруді күшейту қажет.

Міндет – мемлекеттік және салалық барлық бағдарламалардың орындалуын өңірлерді дамытудың басымдыққа ие міндеттерін шешумен үйлестіру.

Үкімет 2013 жылдың бірінші тоқсанында-ақ өңірлердегі қажетті және болашағы бар жобалардың тізбесін анықтауы және тарифтендіруі тиіс.

(2) Өтіп бара жатқан жылда біз моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық. Жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, кәсіпорындар жұмысын жетілдіруге айтарлықтай ресурстар бағытталды.

Біз жергілікті жерлерде басқарудың сапасын арттыратын боламыз. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда.

Сонымен бірге, бізге өңірлерде әлеуметтік-экономикалық жағдайларды теңестірудің тиімді жаңа тетіктері қажет.

Үкіметке облыстардың әкімдерімен бірлесіп, 2013 жылы шағын қалаларды дамыту жөнінде бағдарлама қабылдауды тапсырамын. Бұлолардың базасында көптеген индустриялық жобалар жасай отырып, ұзақ мерзімге арналуы керек. Олардың міндеті – өңірлердің салаларға мамандану жүйесін құруға көмектесу, ірі агломерациялардың индустриялық-өндірістік серіктес қалаларына айналу, ақыр соңында, жергілікті халықтың тұрмыс деңгейін арттырып, ауыл жастарын жұмыспен қамтамасыз ету.

(3) Бізге көші-қон мәселелерін кешенді түрде шешу бойынша ел өңірлеріндегі еңбек нарығына ықпал ететін шаралар қабылдау қажет.

Шектес елдерден келіп жатқан көші-қон ағынына бақылауды күшейту керек.

Перспективалық міндет ретінде біздің алдымызда шетелдік еңбек нарықтарына көптеп кетіп қалмауы үшін отандық білікті мамандарға қолайлы жағдай жасау міндеті тұр.

Үкімет  2013 жылы  Көші-қон мәселелерін шешу жөнінде кешенді жоспар әзірлеп, бекітуі тиіс.

Ерекше назарды шекарамен шектес аумақтарға аударған жөн. Олардың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Оларды өмір сүруге қолайлы ете түсу қажет. Үкімет облыстардың әкімдерімен бірлесіп, 2013 жылы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеуі қажет.

Төртіншіден, біз еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету және еңбек төлемі саясатын жаңғыртуға тиіспіз.

(1) Әлемдік тұрақсыздықтың басты қатері – жұмыссыздықтың өсуі. Елде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік те, салалық та – барлықбағдарламалар, тек әлдебір бөліктері емес, барлығы нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан Үкіметке және әкімдерге 2013 жылдың өзінде-ақ төмендегіні іске асыруды тапсырамын:

  •  Кәсіпкерлікті дамыту және бизнесті қолдау жөніндегі бұрын қабылданған барлық бағдарламаларды ықпалдастыру.  
  •  Бюджеттік қаражатты жұмыссыздардың және кірісі аз адамдардың  көрсеткіші жоғары өңірлерге бөлу тетіктерін әзірлеу.

Бұл жаңартылған бағдарламаның орындалуына жауапты ретінде мен Премьер-Министрдің жеке өзі мен әкімдерді бекітемін.

(2) Бұдан жарты жыл бұрын,  «Әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақалам жарияланған соңКәсіподақтар және еңбектің реттелуі туралы Заң әзірлене бастады. Біздің мақсатымыз – еңбеккерлер мүддесін ескерген кәсіпкерлік қолдауын қамтитын еңбек қатынастарының түбірімен жаңа үлгісін жасау.

Күшіне еніп, барлық еңбеккерлердің мүддесін қорғауы үшін бұл заңның қабылдануын жеделдету қажет.

(3) Үкіметке еңбек төлеміне және ондағы сәйкессіздіктерді қысқартуға қатысты мүлде жаңа амалдар табу шараларын қабылдау қажет. 

***

Жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ана мен баланы қорғауды жариялаймын.

Ананы қорғау. Әйелдерге үндеу

Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе.

Қымбатты ханымдар!

Сіздер – отбасының, демек, мемлекеттің тірегісіздер.

Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты.

Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып,  мемлекет, дегенмен қоғамға өз бетімен біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады.

Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет.  

Олар банк карточкаларына ие болуға, көлік жүргізіп, қызмет жолын қалыптастыра алуға, заманға сай болуға, сәнденуге тиіс және біздерде ешқашан киілмеген, салтымызға жат киімдерге оранып-қымтанбауға тиіс. Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар.

Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды.

Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз.

Біз ананы қорғап-қолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс.

Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс.

Біздің елімізде толық емес отбасылар көп. Мемлекет баланы жалғыз тәрбиелеп жатқан аналарға көмектесуі керек.  Біз әйелдер үшін икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс жасауларына жағдай туғызуымыз керек. Заң, мемлекет және мен біздің ханымдарымыздың жағындамыз.

Біз бұдан әрі де елімізде әйелдердің рөлі артуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз. Қазіргі замандағы қазақстандық әйел қызмет істеуге ұмтылуы керек.

Әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене тартқан жөн, әсіресе, жергілікті деңгейдегі өңірлерде. Олардың бизнес ашып, оны жүргізуіне де қолайлы жағдай жасаған абзал.

Баланы қорғау

Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар – балалар үйлері толы. Бұл, өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. Мемлекетіміз бен қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын көтермелеуі қажет.

Ерлердің әйелдер мен балаларға мүлдем жауапсыз көзқарас танытқан оқиғаларының саны өсуде. Бұл біздің дәстүрімізге, мәдениетімізге тіптен жат.

Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес.

Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын.

Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс.

Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті.

Ал болған іс болған екен, онда әке алимент төлеуге тиіс. Мемлекет жалғызбасты аналарды қолдауы және алимент төлемегені үшін жазаны күшейтуі керек.

Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек.

Мен өскелең ұрпақтың озық білім алуы үшін мүмкіндік туғызуға көп күш жұмсадым: «Балапан» бағдарламасы жүзеге асып, Зияткерлік мектептер, Назарбаев Университеті, «Болашақ» бағдарламасы жұмыс жасап жатыр.

Өздеріңіз білесіздер, оған тек дайындығы бар және дарынды балалар ғана өте алады. Баланы білім мен еңбекке дайындау – ата-ананың борышы.

«Бар жақсылық балаларға» ұраны барлық ата-ана үшін қағидаға айналуы қажет.

Үкіметке:

  •  ана мен баланы қорғау, сондай-ақ, отбасы және неке саласында заңнаманы түбегейлі қайта қарауды;
  •  ана мен балаға қарсы бағытталған қылмыс үшін, сондай-ақ,осы саладағы ең ұсақ деген заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейтуді; 
  •  туу мен көп балалы болуды ынталандыру жүйесін реформалауды – жеңілдетілген салық, медициналық және әлеуметтік қызмет, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер беру және сол сияқты материалдық және материалдық емес ынталандыруларды қамтитын шаралар кешенін әзірлеуді;
  •  елде жыныстық ерекшелігі бойынша кемсітушілікке жол бермеу және іс жүзінде гендерлік теңдік пен әйелдерге ерлермен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл орайда мен сөзімді ең бірінші жұмыс берушілерге арнаймын.

 

Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі

 

Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз.

Негізгі басымдықтар:

  •  Сапалы және қолжетімді медициналық қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету.
  •  Аурулар түрінің барынша кең спектрін диагностикалау және емдеумен қамтамасыз ету.
  •  Профилактикалық медицина аурудың алдын алудағы басты құралға айналуы тиіс. Халықпен ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс жүргізуге баса ден қою.  
  •  «Смарт-медицина», қашықтан профилактика және емдеу, «электрондық медицина» қызметтерін енгізу. Медицина қызметтерінің бұл жаңа түрлері біздікі сияқты аумағы үлкен, кең байтақ елде ерекше сұранысқа ие.  
  •  Біз балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсілдер енгізу мәселесімен жұмыс жүргізуіміз қажетБарлық 16 жасқа дейінгі балаларды медициналық қызметтің барлық спектрімен қамту қажет деп ойлаймын. Оны ең төменгі өмір стандарттарына заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Бұл қадам ұлт денсаулығын қамтамасыз етуде маңызды үлес болады. 
  •  Медициналық білім беру жүйесін түбірімен жақсарту. Медициналық жоғары оқу орындары жүйесі мамандандырылған орта деңгейдегі білім беру мекемелері желісі арқылы нығайтылуы тиіс.

Күнделікті тәжірибе оқу процесімен барынша ықпалдастырылуы тиіс. 

  •  Медициналық жоғары оқу орындары жұмысының тәжірибелік ғылыми-зерттеушілік бөлігіне басты маңыз беру. Адамзаттың жаңа білімдері мен технологиялық жетістіктерін шоғырландыратын жоғары оқу орындары болуы тиіс. Мысал ретінде, ірі және тиімділігі жоғары медициналық орталықтар болып саналатын АҚШ-тағы университеттік госпитальдерді келтіруге болады. Бұл бағытта да мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту керек.
  •  Жеке медицинаның дамуына жағдай жасау. Барлық дамыған әлемде медициналық қызметтердің айтарлықтай бөлігін жеке сектор көрсетеді. Біз жеке ауруханалар мен емханаларға тезірек көшуге жағдай туғызуға тиіспіз.
  •  Заңнамалық деңгейде медициналық жоғары оқу орындары мен мекемелердің халықаралық аккредитациясын өткізуді бекіту.

Қазірге дейін ауылдағы медициналық қызметтердің сапасы жөнінде көп сын айтылады. Ал ауыл тұрғындары бізде бүкіл халықтың 43%-ын құрайды.

Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Алайда елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл жұмысты келесі жылы-ақ бастау керек.

 

4. БІЛІМ ЖӘНЕ КӘСІБИ МАШЫҚ – ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ, КАДР ДАЯРЛАУ МЕН ҚАЙТА ДАЯРЛАУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒДАРЫ

 

Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.

Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс.

Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды.

Біздің жұмыстарымыздың білім беру саласындағы басымдықтары

(1) Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстан мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу керек.

Сіздер білесіздер, мен басты міндеті балаларымыздың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру болған «Балапан» бағдарламасы бастамасын көтердім.

Ол жүзеге асырыла бастаған сәттен бері 3 956 жаңа балабақша мен шағын орталықтар іске қосылды. 

Туу көрсеткішінің жоғарылығын, жалғасып жатқан демографиялық өсімді ескере келе, мен «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзартуға шешім қабылдадым. Үкімет пен әкімдердің алдына балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100% қамтуға қол жеткізу міндетін қоямын.

(2) «Қазақстан-2050» Жаңа бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылыинженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын. 

Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді.

Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет.

Біз академиялық автономия кепілдігін берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс.

(3) Жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі білім беру саласында айрықша көрінуі керек. Бұл ең бірінші кезекте лайықты білім алуда оқу ақысын өз бетінше төлей алмайтын жастарға көмек беругеқатысты.

Ол үшін қажетті шаралар:

  • Жоғары және орта білім беру жүйесін дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі желісін құру. 
  • Көпсатылы оқу гранттары жүйесін әзірлеу.
  • Бүкіл ел бойынша ғылыми-зерттеушілік және қолданбалы білім берудің өңірлік мамандықтарды ескеретін мамандандырылған оқу орындары жүйесін құру.
  • Жоғары оқу орындарындағы оқудың екінші курсынан бастап кәсіпорындардағы міндетті өндірістік тәжірибені заңнамалық тұрғыда бекіту.

(4) Бізге оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту керек болады.

  • Біз қалайтындардың барлығы үшін қашықтан оқытуды және онлайн режімінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз.
  • Ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу,  сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет.
  • Орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын  қосып, өзгерту.
  • Кәсіпкерлікке бағдарланған оқу бағдарламаларын, білім беру курстары мен институттарын құру.

Инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты

Бүкіләлемдік тәжірибенің көрсетуінше, бүкіл инновациялық өндірістік циклды жеке бір елде жүзеге асыруға тырысу – велосипед ойлап шығару деген сөз. Бұл – өте қымбатқа түсетін және әрдайым нәтижелі, жемісті бола бермейтін іс. Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терребайт көлеміне негізделген дербес ғылыми база қажет болады. 

Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біз осыны жете түсінуге тиіспіз.

Сондықтан біз өте шынайы, барынша прагматикалық стратегия құрғанымыз жөн. 

Біз шығыны көп емес зерттеулер мен әзірлемелерге ден қоюға тиіспіз.

Бізге елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту керек. ЭКСПО-2017 бұл процеске серпін беріп, бізге болашақтың энергиясын дамыту үшін жаңа технологияларды таңдап алуға көмектесуі тиіс.

Біз – жас ұлтпыз және бұл біздің қолымыздан келеді.

Оған қоса, біз ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына әбден-ақ белсене қатыса аламыз. Бұл бізге ғалымдарымыздың күш-жігерін шетелдік ғылыми-зерттеушілік қоғамдастықпен стратегиялық инновациялық бағыттар бойынша ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – жаһандық технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу.

  • Біз 2013 жылдың өзінде-ақ ғылым мен бизнестің толыққанды кооперациясы жөнінде шаралар қабылдауға тиіспіз. Үкіметке технология трансферті мүмкін болатын салааралық секторларды анықтауды және оларға жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялар тарапынан сұраныс тудыруды тапсырамын.
  • Болашағы зор ұлттық кластерлер қалыптастыру жөнінде нақтылы Жол карталарын әзірлеу аса маңызды.
  • Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі үшін құқықтық базаны анықтауды да тездету қажет. Міндет – мұндай әріптестіктің бүгінгі күнгі ең озық құралдары мен тетіктерін енгізу.
  • Авторлық құқықтар мен патенттер мәселелерін реттейтін заңнаманы қайта қарау. Үкімет 2014 жылдың соңына дейін бұған дейін берілген барлық патенттер мен тіркелген авторлық құқықтарды олардың коммерциялануының ықтималдығы жөнінен талдаудан өткізуі қажет.

Құрметті отандастар!

Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді.

Бүгін мен жариялаған Жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді.

Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер.

Мемлекет басшысы ретінде мен әрдайым сіздердің оқуларыңыз бен өсіп-өнулеріңіз үшін барлық жағдайды жасауға тырыстым. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер аштым, «Болашақ» бағдарламасын құрдым. 

Қазір мемлекеттік жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленуде.

Мемлекет сіздердің алдарыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылуы үшін барлығын жасауда. Олар – сіздердің ата-аналарыңыз тіпті ойлап та көрмеген мүмкіндіктер.

Естеріңізде болсын: сіздердің табыстарыңыз – ата-аналарыңыздың табысы, туғандарыңыз мен туыстарыңыздың табысы, отбасыларыңыздың табысы, барлық отандастарыңыздың табысы, біздің Отанымыздың табысы.

 

5. МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІ ОДАН ӘРІ НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕМОКРАТИЯНЫ ДАМЫТУ

 

Біздің мақсатымыз – мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру. Ол  қоғамға қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтудың жаңа міндеттеріне сай болуы тиіс.

Бірінші. Бізге Мемлекеттік жоспарлау және болжау жүйесін одан әрі жетілдіре түсу керек.

Қойылатын мақсат – жоспарлар мен бағдарламалар әзірлеуде мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту. Осыған байланысты Үкіметке беретін тапсырмам:

  • Менің пайымдауымдағы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын ескере отырып, жұмыста және өмірде еліміз басшылыққа алатын стратегиялық құжаттарды қайта қарау.
  • Елде Мемлекеттік аудит енгізу тұжырымдамасын әзірлеп, келесі жылы Парламентке тиісті заң жобасын енгізу. Бізге мемлекеттік аудиттің ең озық әлемдік тәжірибесі негізінде кешенді жүйе құру қажет. 
  • Экономикалық стратегияларымыз жүзеге асуы үшін мемлекет дағдарыстық жағдайларды күні бұрын тиімді түрде біліп, оларға қарсы шара қолдануы тиіс. Бұл үшін бізге дағдарысқа қарсы әрекет етудің көпдеңгейлі жүйесін құру қажет.

Бізде ықтимал дағдарыстық жағдайларға арналған стандартты іс-әрекеттер жиынтығы болуы керек. Бұл, әсіресе, өңірлер үшін маңызды. Ол жүйені әзірлеу барысында мен айтқан барлық қатерлерді ескеру қажет.

Екінші. Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек.

Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру.

Біз 2013 жылы жауапкершілік пен өкілеттіктерді орталық пен өңірлер арасында бөлу жөнінде нақты шаралар қабылдауымыз қажет.

Жергілікті жерлердегі билік органдарының өкілеттіктері қаржылық және кадрлық ресурстармен нығайтылатын болады.

Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек.

Мен Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Ол ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді.

Біз селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз

Бірақ, сонымен бірге, бізге қоғамдық бақылауды,  жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек.Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым. Сайлауды біз 2013 жылдың өзінде-ақ бастаймыз.

Барлығы 2533 әкім, соның ішінде селолық округтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімі сайланатын болады.

Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 91,7%-ы!

Осылайша, біз азаматтармен тікелей жұмыс жасайтын және мәселені жергілікті жерде шешетін барлық әкімдерді сайланбалылықпен қамтитын боламыз. 

Азаматтардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласатын уақыты туды.

Үкіметке менің Әкімшілігіммен бірлесіп, қажетті заңнамалық актілер әзірлеуді тездетуді, ал Парламентке олардың басымдық тәртібімен  қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырамын.

Біз бүкіл әлеммен бірге өркениетті жолмен жүруге және қоғамның одан әрі демократиялануына бағыт ұстауға тиіспіз.

Парламенттің өкілеттіктерін күшейту жөніндегі саясатымызды жалғастыру керек.

Сонымен бірге, орталықсыздандыруға тек жергілікті деңгейде белгілі бір өкілеттіктер беруге болатын жаңа билік органдарын құру процесі ретінде қараудың керегі жоқ.

Орталықсыздандыру – ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесінің сапалық өзгерісі, мәселелерді жергілікті деңгейде шешу жүйесін өзгерту.

Бұл орайда орталықсыздандыру жоғарыдан төмен қарай басқару билігінің әлсіреуіне, орындаушылық тәртіп мен реттіліктің төмендеуіне апарып соқтырмауы тиіс.  Оған жол беруге болмайды. Жергілікті жерлерде әкімдер, Үкімет мұны ерекше бақылауда ұстауға тиіс.

Үшінші. Алдымызда, мен бүгін жариялаған қағидаларға сәйкес, халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат  қалыптастыру міндеті тұр.

Біз мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын іріктеу және кәсіби даярлықтың жетілдірілген әдістемелерін енгізу арқылы сапалы түрде жақсартуымыз керек.

Басқарушылық шешімдер мемлекет деңгейінде төмендегідей талаптарға сай болуы тиіс: 

  • Тек қысқамерзімді ғана емес, ұзақмерзімді нәтижелерді де есепке алу.
  • Басқарушылық шешімнің мультипликативті әсерін есепке алу.
  • адал бәсекелестік және кәсіпкерліктің еркіндігі ережелерін қамтамасыз ету. 
  • Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық міндеттерінің екі түрлі түсіндірілуін болдырмау. Олардың қызметінің заңнамалық тұрғыдан дәл регламенттелуі.

Жаңа талаптарды ескере отырып, біз әкімшілік реформасының екінші кезеңін бастап кеттік.

Ең алдымен мемлекеттік аппарат реформаланатын болады. Мен мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі туралы Заңға қол қойдым. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді, мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде ашықтықты арттыруды, меритократия қағидаларын енгізуді, яғни жақсы кадрларды ілгерілетуді қамтамасыз етеді.

Біз Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия құратын боламыз. Мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарын жүзеге асыруға жауапты кәсіпқой басқарушылардың мүлдем жаңа санаты – «А» корпусы  құрылады.

 «А» корпусына бірінші кезекте жауапты хатшылар мен облыс әкімдерінің аппарат басшылары, комитет төрағалары, қалалар мен аудандар әкімдері кіреді. Өзімнің Әкімшілігіме «А» корпусына үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары туралы Жарлық жобасын дайындауды тапсырамын.

Бұдан былай мемлекеттік қызметші лауазымдық сатымен кезең-кезеңмен, билік иерархиясының бір сатысынан келесісіне өзінің машығын жетілдіре және кәсіби деңгейін арттыра отырып көтерілетін болады. Белгіленген көрсеткіштерді асыра орындағандар мен өзінің тиімділігін көрсеткендерге және жоғары нәтижеге қол жеткізгендерге ғана ерекшелік жасалуы керек. 

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке 2013 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық өсуінің осындай мүлде жаңа тетігін енгізуді тапсырамын.   

Ерекше назарды мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыруға аудару қажет. Міндет – мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында біржақты-өктем көзқарастардан арылып, азаматтарға мемлекеттік қызметтерді тиімді және жедел түрде көрсетуге көшу.

Қазір Парламентке «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасы енгізілді. Оны 2013 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін қабылдау керек.

Біз мемлекеттік органдарды оларға тән емес функцияларды орындаудан босатып, мемлекеттік институттардың дербестігін сапалық тұрғыдан кеңейтуге тиіспіз. Үкімет оның орындалуын 2014 жылдан бастап жергілікті бюджет қалыптастырудың жаңа тетігін енгізумен ұштастыруы керек. 

Төртінші. Мемлекеттік аппарат бизнес-қауымдастықпен жаңа өзара іс-қимыл жүйесін құруы керек.

Біз бизнеске араласпауға және «бәрін қолынан жетелеп жүрмеуге» тиіспіз. Біз бизнеске ертеңгі күнге деген сенімділік сіңіруге тиіспіз,  кәсіпкерлер өздерінің күшіне сенуге және мемлекет оларды алдамайтынын, қорғайтынын білуге тиіс. Олардан тек адал жұмыс істеу ғана талап етіледі.

Бұл үшін біз, біріншіден, жекеменшік құқығының беріктігін іс жүзінде қамтамасыз етуге кепілдік беруге тиіспіз деп санаймыз. Екіншіден, шарттық міндеттемелерді қорғауға кепілдік беру керек.

Мемлекеттің міндеттемесі – азаматтарға олардың іскерлік белсенділігін жүзеге асыруға барынша мүмкіндік беру. Ал бұл дегеніміз – отандық бизнес үшін инфрақұрылым құрудың қамын ойлау.

(1) Осы мақсатта жаңа 2013 жылдың өзінде ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңін бастау керек.

Заңнама тек ұлттық мүдделерді ғана қорғап қана қоймай, қарқынды дамып отырған халықаралық құқықтық ортамен де үйлесуге тиіс. Үкіметке жария, сондай-ақ жеке құқықтың барлық базалық салаларында біздің құқық жүйеміздің бәсекелестігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдауды тапсырамын.

(2) Үкіметке 2013 жылы менің Әкімшілігіммен бірлесіп атқаратын мынадай тапсырма беремін:

  •  Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу заңнамаларын реформалауды  бастау керек. Ілгері ізгілендіруге, оның ішінде, экономикалық құқық бұзушылықты қылмыссыздандыруға маңыз беру керек;
  •  Парламентке 4 жаңа кодексті: Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық-орындаушылық және Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы кодексті әзірлеп, енгізу керек.

Бұл өзекті заң актілерінің қабылдануы қылмыстық сот ісін жүргізуді және, ең алдымен, қылмысқа қарсы мемлекеттің күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртады, біздің құқықтарымызды қазіргі сын-қатерлерге өз дәрежесінде әрекет жасайтындай деңгейге көтереді.

Бесінші. Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиіс.

Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады.

Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді.

Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады.

Ұсақ  құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам.

Біз құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек.

Біз  әлеуметтік бүлдіргі пиғылды  жұмысқа орналасу мәселесімен байланыста қарауымыз керек. Біз қоғамдық орындардағы бұзақылық әрекет үшін жеке іс қағазында және резюмеде міндетті түрде көрсетілетін және жұмысқа қабылдау, қызмет сатысы бойынша өсіру кезінде ескерілетін жаза қолдануды енгізуіміз керек.

Мұның бәрі қоғамдық өмірдің нормасы болуға тиіс.

Алтыншы. Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс.

Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген  тікелей қатер болып саналады. 

Біз түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек. 

Жетінші. Біз құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыруға тиіспіз. Онсыз біз тәртіпсіздікке мүлдем төзбеуді қалыптастыру және жемқорлықты түбірімен жою жөніндегі міндеттерді шеше алмаймыз.

(1) Соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірқатар маңызды реформалары жүргізілді. Бұл – мемлекеттікті нығайтудың маңызды қадамы. Олардың жұмысының  құқықтық базасы жақсартылды. Функциялары нақты айқындалды. Қызметтің қайталануы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат ізгілендірілді.

Барлық құқықтық құрылымдардың қызметкерлері түгелдей аттестаттаудан өткізілді. 100 мыңнан астам адамнан 12,5 мың адам аттестаттаудан өтпей қалды және органдардан босатылды.

(2) Біз бұл жұмысты одан әрі жалғастыра береміз.

Менің Әкімшілігім мен Қауіпсіздік Кеңесіне және Үкіметке бірлесіп атқаратын мынадай тапсырма беремін:

  •  Құқық  қорғау органдары қызметкерлерін ақшалай қамтамасыз ету және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайындау керек.

Осы 2013 жылдан бастап арнайы атақтар үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін әскери атақтар бойынша төленетін жалақы деңгейіне дейін көтеруді тапсырамын.

  •  Құқық қорғау органдарының Кадр саясаты тұжырымдамасын әзірлеу керек.
  •  Жоғары аттестаттау комиссиясы базасында құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін құрылым құру керек.
  •  Құқық қорғау және арнайы органдар жетекшілерінің Президентік резервін қалыптастыру керек.

(3) Менің Әкімшілігіме, Қауіпсіздік Кеңесіне Үкіметпен бірлесіп, ведомствоаралық жұмыс тобын құруды және 2013 жылдың екінші тоқсанының аяғына дейін Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту бағдарламасының жобасын әзірлеуді тапсырамын.

(4) Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруыболып табылады.

Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек. Жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізген жағдайда мұны істеу қиын емес.

Сонымен бір мезгілде соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет.

Сот билігінің беделі орындалмаған сот шешімдерінен төмендейді. Осыған байланысты, бұл жағдайды түбегейлі өзгерту жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс.

(5) Шекара қызметінің ауқымды реформасын жүргізу керек. Міндет –  оның тиімділігін түбегейлі арттыру, материалдық-техникалық базасын жаңғырту.

Бұл үшін Қауіпсіздік Кеңесіне менің Әкімшілігіммен және Үкіметпен бірлесіп, Шекара қызметін дамытудың және мемлекеттік шекараны орта мерзімді кезеңде орнықтырудың арнайы Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын.

 

6. ДӘЙЕКТІ ЖӘНЕ БОЛЖАМДЫ СЫРТҚЫ САЯСАТ – ҰЛТТЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ІЛГЕРІЛЕТУ МЕН АЙМАҚТЫҚ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ НЫҒАЙТУ

 

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халықаралық процестердің тең құқықты қатысушысы болып қалыптасты және біз қолайлы сыртқы ахуал құруға қол жеткіздік.

Біздің басымдықтарымыз өзгермейді – көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту мәселесі болып табылады.

Біз Кеден одағын және Біртұтас экономикалық кеңістікті нығайтатын боламыз.

Біздің таяудағы мақсатымыз – Еуразиялық экономикалық одақ құру. Осыған орай біз мәселелердің консенсус арқылы шешілетінін нақты мәлімдейміз. Саяси егемендікке қысым көрсетілмейді.

Сыртқы саясатымызды теңдестіру әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және Қазақстан үшін практикалық қызығушылық туғызатын барлық мемлекеттермен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамыту дегенді білдіреді.

Алайда халықаралық ахуал және геосаяси орта қарқынды  өзгеруде және әрқашан жақсы жағына қарай ойыса бермейді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан Солтүстік-Шығыс Азияға дейін тұрақсыздықтың алып белдеуі созылып жатыр. Күштердің ара салмағы жаһандық деңгейде де, сонымен қатар, Жер шарының жекелеген аймақтарында да елеулі өзгерістерге ұшырауда. Соған сәйкес, БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа аймақтық қауіпсіздік тетіктерінің рөлі арта түседі. Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікке төнген жаңа қатерлер пайда болды.

Мұндай ахуалда Қазақстанның сыртқы саясаты ішкі саясаты сияқты жаңғыртылуға тиіс.

Сыртқы саясатты жаңғыртудың басымдықтары:

  • аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті жан-жақты нығайту;  
  • экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту;
  • мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім және басқа шектес салалардағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру;
  • азаматтарымызды құқықтық қорғауды, олардың шетелдердегі жеке, отбасылық, іскерлік мүдделерін қорғауды күшейту.

Біріншіден, ұлттық мүдделерді сыртқы саясатта ілгерілету айрықша прагматикалық принциптерге негізделген. 

Біздің міндеттеріміз: сыртқы саясатты әртараптандыру, ұлттық экономикалық және сауда мүдделерін ілгерілету үшін экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту.

Екіншіден, біз әрі қарай да аймақтық қауіпсіздік үшін өз жауапкершілігімізді сезінуге және Орталық Азияны тұрақтандыруға өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

Біздің міндетіміз – аймақтағы тартысты жағдайдың алғышарттарын жоюға барынша көмектесу.

  • Орталық Азияны тұрақтандырудың озық тәсілі – аймақішілік бірігу. Нақ осы жолмен біз біздің аймақтың тартыстық әлеуетін төмендетіп, толғақты әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешіп, су-энергетикалық және басқа да қайшылықтардың түйіндерін  жаза аламыз.
  • Біздің дауысымыз барлық әлемге естіліп тұруға тиіс. Сондықтан мен Астана Экономикалық форумында өзіміз G-Global  деп атаған диалогтың жаңа түрін ұсындым.

Әлемде бірде-бір ел бастан кешіп жатқан дәуірінің қатерлерін жалғыз өзі жеңе алмайды. Менің бастамамның мәні – әділ және қауіпсіз әлем орнықтыру үшін баршаның күшін біріктіру.

Үшіншіден, біздің еліміз халықаралық прогрессивті бастамаларды бәрін одан әрі қолдап, жаһандық қауіпсіздікке үлесін қоса беруі керек.

  • Қазақстан барлық мүдделі серіктестермен және біздің көршілерімізбен бірге Ауғанстан мәселесін тезірек саяси реттеуге және қайта қалпына келтіруге қол жеткізетін болады.
  • Қазақстан ИЫҰ-ның белсенді қатысушысы бола отырып, Таяу Шығысты реттеу процесінің бейбіт сипатына шын жүректен мүдделілік танытады. Араб-ислам әлеміндегі халықтық толқудан босаған күш-қуаттың  жасампаздық арнаға бағытталып, аймақтың  әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге қызмет етуі маңызды.
  • Біз озық қарқынмен Азия-Тынық мұхиты аймағының елдерімен экономикалық тұрғыдан жақындасуға тиіспіз. Бұл бізге тек экономикалық дивиденд беріп қана қоймайды, сыртқы саясатымыздың теңгерімділігін де нығайта түседі.

Төртіншіден, Қазақстан өзінің қорғаныс қабілеті мен әскери доктринасын нығайтуға, түрлі қорғаныстық тежеу тетіктеріне қатысуға тиіс.

  • Біз ұлттық қорғаныс моделін әзірлей отырып, түрлі елдермен және ұйымдармен ынтымақтасуға тиіспіз.
  • Қазақстан ҰҚШҰ бойынша одақтастармен тығыз жұмыс істейтін және жедел қимылдайтын Ұжымдық  күштердің әлеуеті мен жауынгерлік қабілетін арттыруға көмектесетін болады.

 

7. ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ – БІЗДІҢ КӨПҰЛТТЫ ЖӘНЕ КӨПКОНФЕССИЯЛЫ ҚОҒАМЫМЫЗ ТАБЫСЫНЫҢ НЕГІЗІ

 

Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты.

Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі.

Биыл Лондон Олимпиадасында біздің спортшыларымыз 205 ұлттық құрама арасынан 12-орын алды.

Біздің команда көпұлтты Қазақстанның, көптеген этностардың берік және ынтымақты шаңырағының біртұтас жасағы ретінде сайысқа түсті.

Олимпиададағы жеңіс салтанаты халқымызды одан әрі біріктіре түсті, патриотизмнің ұлы күшін танытты. Бұқаралық спорт және жоғары жетістіктерге жеткізетін спорт кешенді жүйелі тәсілді талап етеді. Тек саламатты ұлт қана бәсекелестікке қабілетті болмақ.

Үкіметке  әлемдік озық тәжірибені есепке ала отырып, Бұқаралық спорт пен жоғары жетістікке жеткізетін спортты дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.

Бірінші. Жаңа қазақстандық патриотизм.

Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де осы.

Азаматтар мемлекетке болашақ бар болса, даму үшін, жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін мүмкіндіктер болса ғана сенім артады.

Мемлекет және халық мұны сезініп, бірлесіп жұмыс істеуге тиіс.

Өз бойымызда  және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады.

Бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек.

Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз.

Осындай тәсіл ғана патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады.

2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек.

Біздің балаларымыз бен немерелеріміз  сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде  өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс.

Екінші. Барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі.

Біз – бәріміз тең құқықты, тең мүмкіндіктерді иеленген қазақстандықтармыз.

Жаңа қазақстандық патриотизм барлық қоғамды, барлық этностық әркелкіліктерді біріктіруге тиіс.

Біз – көпұлтты қоғамбыз. Және де ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттар болмауға тиіс.

Мемлекетте бәрі де тең болуға тиіс. Этностық немесе басқа да белгілер бойынша жақсы немесе жаман деген болмауға тиіс.

Бұл мәселе мен үшін декларативті емес. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек.

Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауға тиіс, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей.

Біз тең мүмкіндіктер қоғамын, бәрі заң алдында бірдей болатын қоғамды құрудамыз.

Біз ешқашан оқуға түсу, жұмысқа тұру және қызмет бабында өсу этностық белгі арқылы шешіледі дегенді ойға да алмауға тиіспіз.

Мен Үкімет пен әкімдердің еңбек саясатына тәртіп енгізуін талап етемін. Жұмысқа, әсіресе жергілікті билік органдарына этностық ерекшеліктеріне қарамастан, үздіктер алынуы керек. Өлшем біреу ғана – өте жоғары этика және кәсібилік. Министрліктер мен әкімдіктердің барлық буындарында кадр таңдауда байқалатын біржақтылықты түзеу керек. 

Біздің қоғамымызда «артық» немесе «бөтен», «біздікі» немесе «біздікі емес» деген болмауға тиіс. Біз еліміздің бірде-бір азаматын сыртта қалдыра алмаймыз. Әрбір қазақстандық  биліктің қолдайтынын және тірек екенін сезінуге тиіс.

Ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланады.

Мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға артылады.

Қазақстан – біздің қасиетті мекеніміз.

Кейінгі ұрпақ осынау қастерлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады.

Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды.

Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық.

Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды.

Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз.

Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі.

Бұл – әлемдік үрдіс.

Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты.

Ендеше, тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ.

Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт.

Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды.

Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз.

Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс.

Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.

Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн.

Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек.

Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек.

Мемлекеттік тілмен қатар Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуғабарынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз.

Үшінші. Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы.

Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады.

(1) Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз.

Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз.  Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет.

Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек.

  • Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.

Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады.

  • Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз.  Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет.  Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн.

Бүкіл әлемде бірдей қабылданған терминдер бар. Олар кез келген тілді байытады. Біз өмірді өзіміз күрделендіре түсеміз, түсінбестікке бой алдырып, ақыл-ойды сапырылыстырамыз, көнерген сөздердің шырмауынан шықпаймыз. Мұндай мысалдар аз емес.

Мен қазіргі тілде жазылған кемінде жүздеген қазіргі кітаптардың тізімін жасап, қазақ тіліне қазіргіше аударуды ұсынамын. Бәлкім, жастар арасында конкурс жариялау керек шығар: өздеріне не нәрсе қызықты әрі пайдалы екенін олар да айтсын.

***

Қазақ тілін дамыту саясаты одан жерінуге, тіпті қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше, тіл Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Бұл үшін тіл саясатын сауатты және дәйекті, қазақстандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасамай жүргізу керек.

Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер.

Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған.

Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз.

Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.

Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады.

Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі.

Тәуелсіздігін алған тұста еліміздегі қазақтың саны 6,8 миллион немесе 41% болса, қазір 11 миллионға жетіп, 65 %-дан асты.

Қазақтың саны 4 миллионға артты.

Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді.

Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады.

Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс.

Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.

Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады.

Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.

Сондықтан оған бей-жай қарамайық.

Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз.

(2) Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз.

Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек.

Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі.

Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз.

Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады.

Төртінші. Мәдениет, дәстүр және даралық

Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды.

Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды.

Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті.

Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады.

Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек.

Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады.

Бұл – тарих заңы.

Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі.

Ел бірлігі – ең асыл қасиет.

Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек.

Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес.

Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген.

Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Мемлекет те солай.

Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден – қазақтардан артық мүдделі кім бар?!

Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды.

Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін.

Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі.

Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі.

Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді.

Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым.

Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс.

Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз.

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ.

Бесінші. Ұлттық интеллигенцияның рөлі

Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз.

Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие.

2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс.

Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек.

(1) Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс.

Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек.

(2) Интеллигенция менің пайымдауымдағы Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға ала алады және алуға тиіс.

(3) Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек.

Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс.

Бүгінде кез келген этносқа жататын немесе дінді ұстанатын қазақстандық – өз елінің тең құқықты азаматы.

Қазақ халқы және мемлекеттік тіл даму үстіндегі қазақстандық азаматтық тұтастықтың біріктіруші ұйытқысы болып келеді.  

Біз: «Мен – қазақстандықпын, өз елімде мен үшін барлық есік ашық!» – деп айта алатын әділетті қоғам құрып жатырмыз.

Бүгінде біздің азаматтар үшін барлық есік, барлық мүмкіндік, барлық жол ашық.

Біз көппіз және бәріміз – бір Елміз, бір халықпыз.

Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір жауапты саясаткер үшін, әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой.

Біз бірлік пен татулық құндылықтарын қоғамның іргетасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негізіне айналдырдық.

Біз осы құндылықтарды қазақстандықтардың әрбір болашақ буынына аялай ұсынуымыз керек.

Алтыншы. ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін

Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр.

Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз.

Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс.

Әркімнің таңдау құқығы бар. Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты.

Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек.

Ішкі «сүзгі» сұрақтар қойып отыруға тиіс: аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, қыздарымыз орамалға оранып алып, басқа халықтардың киімін кигені бізге керек пе? Бізбен бір дастарқанда отырып тамақ ішпеуге тиіс пе? Көлік жүргізбеуі керек пе? Мұның бәрі – басқа елдердің орныққан дәстүрлері, біздің даламызда ондай дәстүрлер ешқашан болған емес. Классиканы оқыңыздар, фильмдерді көріңіздер.

Біздің әйелдерде ұлттық тәкаппарлық, қалыптасқан киіну стилі бар, оны олар ибалылықпен ұстана біледі және біз, ерлер, әйелдердің осы қасиетін жиі теріс пайдаланамыз.

Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз.

Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген.

Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.

Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда.

Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек.

Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек.

Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды.

***

Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс.

Діни экстремизм қаупі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Дінбасылар да ортақ алаңдаушылық білдіруде.

Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек.

Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мазһабына қарама-қайшы.

Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде идеялық емес, қылмыстық негіз бар. Жалған діни көпірмеліктің артында қоғамның негізін күл-талқан еткісі келетін қылмыстық іс-әрекет жасырынып жатыр.

Бұл – біздің еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа шабуыл. Бұл – біздің мемлекеттігіміз бен азаматтық кемелдігіміздің мықтылығының сынға түсуі.

  • Біз діни радикализм мен экстремизмнің пайда болуын бейтараптандыру мақсатында заңдарымызды жетілдіруіміз керек. Біз терроризмге қарсы заңдарды да жетілдіруге тиіспіз. Мемлекет қайдан бой көтерсе де, радикализм мен экстремизмнің жолын кесу керек.
  • Біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістер мен қақтығыстарды еңсерудің жаңа сенімді механизмдерін жасауымыз керек. Дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс-әрекетін қатаң түрде тыйып отыру қажет.
  • Біз қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек.
  • Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі беретін артықшылықтарды да пайдалануымыз керек. Осы әңгімелесу алаңының базасында діни ыңғайдағы дауларды шешудің жаңа платформасын жасауымыз қажет.
  • Біз діни және этностық дауларды шешу үшін аймақтағы ыстық нүктелерде, Үлкен Таяу Шығыс аясында, тіпті одан да ауқымды деңгейде араағайындық жасауға дайын болуымыз керек.

Біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты.

Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс.

Үкіметке менің Әкімшілігіммен бірлесіп, Діни экстремизммен және терроризммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламадайындауды тапсырамын.

Сөйте тұрып, мен ұлтты да сақтандырғым келеді. Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс.

Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек.

 

Құрметті қазақстандықтар!

Менің отандастарым!

 

Бүгінгі Жолдауымда мен сіздердің әрқайсыларыңызға сөз арнаймын.

Ел алдында ірі мәселелер тұр. Мен біздің табысты болатынымызға сенімдімін.

Болашақтың Қазақстанын мен қалай елестетемін?

Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін.

Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары.

Мен 2050 жылғы Қазақстан – жалпыға ортақ еңбек қоғамы екеніне сенімдімін. Ол – барлығы да адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Білім беру саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік. Бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрған. Азаматтары еркін және тең құқықты, ал билігі әділ. Онда заң үстемдік етеді.

Мен біздің дұрыс бағытпен ілгерілеп бара жатқанымызға сенемін және бізді ештеңе де түзу жолдан тайдыра алмайды.

Егер біз күшті болсақ, бізбен санасатын болады.

Егер біз таңғажайыпқа сенсек немесе басқаларға иек артсақ, қол жеткізген жетістіктерімізді жоғалтып аламыз.

Бүгін біз ең дұрыс таңдау жасауға тиіспіз.

 

***

Қымбатты отандастар!

«Қазақстан 2050» Жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бізге – қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі.

Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз.

Үдеудің сыры – бірлікте,

Жүдеудің сыры – алауыздықта.

Осыдан 3 ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген.

Сын сағатта туған елге деген перзенттік парызды бәрінен биік қоя білген.

Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың тамырында бар. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабалардың бостандық жолында төгілген осы қаны деп білемін.

Елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік әрқашан аталарымыздың бойынан табылған.

Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек.

Бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтеріміз, ең алдымен, өзімізге, бірлігіміз бен берекемізге байланысты.

Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз.

Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы.

Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан.

Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат  қылдық.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.

Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін.

Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз.

Сондықтан барлық буын өкілдеріне үн қатамын!

Алдымен, алдыңғы толқын – аға буын!

Сіздердің көрегендіктеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына септігін тигізеді.

Ортаңғы буын отандастарым!

Сіздердің еншілеріңізге алып империяның күйреп, жас, тәуелсіз мемлекеттің түлеген кезеңі дөп келді.

Сіздердің күрделі де қиын шешімдер арқылы жинаған өлшеусіз тәжірибелеріңіз – қиындықтардан қыңбай өтуімізге қажетті баға жетпес қазына.

Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер.

Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда.

Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер.

Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алдыңдар.

Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш.

Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын.

Мен 21-ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін.

Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады.

Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық.

Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз.

Аңсарлы азаттығымыз бен тәу етер тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дәуірлерге жол ашсын!

Баршаларыңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін.

 

Астана, Ақорда, 2012 жыл

Толығырақ...

Карта сайта