ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ

   Астана-қазақ елі болашағының қаласы. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Еліміздің көгілдір туы желбіреген Тәуелсіздігіміздің ордасы. Жаңа Астанамыздың құрылысы-жас мемлекетіміздің жасампаздықка ұмтылысының, бүкіл қоғамымыздың жаңаруының ерекше символына айналған кұбылыс. Ғасырлар бойғы бабалар арманын іске асырып, санаулы жылдарда Астана салған мемлекет тарихта болған кемде-кем.

Біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа өркениетті ұлт ретінде, тарих сахнасына егеменді ел ретінде ендік. Әлемдік қауымдастықтың көшіне жеке керуен болып қосылдық. Тәуелсіздігіміздің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей Елтаңбамызды, желбіреген көк байрағымызды көргенде, әуелеген Әнұранымызды естігенде бойыңды ерекше бір асқақ патриоттық сезім билейді. Бұны көру, сезіну де бір бақыт, маңдайға біткен бақ емес пе?!

Аз уақыттың ішінде көркейіп, түрленіп, тәуелсіздігіміздің түлегі, Отанымыздың жүрегі - Астанамыз да елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай, Тәуелсіздігімізді әйгілеп тұр. Жер бетіндегі Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан Астана Еуразия мен Азияны жалғастырушы алтын көпір, қақпаның кілті болса, күллі қазақ халқының – жүрегі. Небәрі 20 жылдың ішінде адам айтса сенбестей өзгерген ару Астана өзге елдермен терезесі тең, келешегі кемел, болашағы айқын және жұлдызы жарық қалалар қатарына қосылды.

Осындай жетістікке жетіп, Астананың алып жатқан асуы – тұғырлы тәуелсіздігіміздің, еңселі елдігіміздің, айбарлы азаттығымыздың арқасы. Ең бастысы Елбасымыздың дара басшылығының қол жеткізген биік белестері деп ойланбастан айта аламыз. Әлемде ғаламдық жаһанданудан аман өткен Астана бүгінде ұшқыр дамып, жаңаша бағытта көркейіп, гүлденуде. Бұл да болса халықтың айрандай ұйыған ауызбіршілігі, тұрақтылығы және ең бастысы-шаттығы шалқыған бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүріп жатқаны, ақ көңілді, кеңпейілді, ешкімді жатсынбайтын, арамдықтан ада, қиянаттан шет, жомарт мінезді, кез келген адамзатты бауырына баса білген бауырмал, ешкіммен теңдесі жоқ қазағымның арқасы.

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев: «Жаңа Астана – тарихи оқиға. Бұл – елдің өз тәуелсіздігін алып, көк байрағын көтергенмен бірдей қуаныш» деген болатын. Астана күннен-күнге құлпырып, өзінің рухани келбетін жаңартып, көз тартар алып ғимараттарымен жыл сайын өркендеуде.

 

Наталья ИБРАЕВА, Ы.Алтынсарин атындағы

 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

 

                                               ЕЛОРДА МЕРЕЙІ АСҚАҚТАДЫ

Биылғы 2018 жыл Қазақстан халқы үшін тарихи жылдың бірі болмақ. Өйткені, Тәуелсіз мемлекет-іміздің Елордасы-Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы тойланады.

Аталмыш мерекеге орай еліміздің әр өңірлерінде мәдени іс-шаралар ұйымдасты-рылыуда. Соның бір дәлелі ретінде айтар болсақ, осы аптада аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Жырға қосам, Астанам!» тақырыбында  жас ақындар арасында аудандық жыр-мүшәйра болып өтті.

Өнер сайысына аудан көлеміндегі ауылдық округтердің кітапханашылары  дайындаған  әуесқой жас жырсүйер қауымы қатысып, сайыстың үш кезеңі бойынша өз өнерлерін көрсетті. Жүрегінен жыр туындаған жырсүйер балалар байқаудың алғашқы кезеңі бойынша «Қазақтың қарапайым баласымын, ақындық мен үшін шын жарасатын» тақырыбында өздерін өлеңмен  таныстырса, сайыстың екінші кезеңінде «Жыр болып төгіліп, ән болып асқақтаған-Астана» тақырыбында халыққа  танымал ақындардың Астана жайында жазылған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ал, сайыстың үшінші кезеңі бойынша «Мен-ақынмын, жүрегі жырдан жаралған» тақырыбында үміткерлер Елордамыз Астанаға арнаған төл туындыларын мәнерлеп орындады.

Байқауға қатысушы жас ақындардың  өнерлерін  бағалау мақсатында  құрылған әділқазылар төрайымы аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Роза Суанбаева болса, сондай-ақ, аудандық кітапхананың директоры Нүрия Қапсаланова, ауданға танымыл ақын Жеңіс Демеуқұлов және «Балқаш өңірі» газетінің жауапты хатшысы Бақтығали Дәуітбаев  үміткерлерге әділ бағасын бере отырып, байқау соңында  жеңімпаздарды марапаттады.

Жыр додасын қорытындылай келгенде, ІІІ-ші орынды жиделілік Тоғжан Нұржанқызы мен ақжарлық Шоқан Алмасұлы тең бөлісті. Ал,  Береке ауылынан келген Аяна  Майрат пен көкталдық Мақсат Күмісбайұлы ІІ-ші орынға лайықты өнер көрсетті. Байқауда үздік өнер көрсеткен желтораңғылық Ділназ Талғатқызы І-ші орынды жеңіп алды.

Жыр-мүшәйраның жабылу салтанатында  қатысушылар арнайы дипломдармен  мараптталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

                                                                                                           Сайлау АБЫЛДАЕВА,

                                                                         аудандық кітапхананың кітапханашысы.

Карта сайта